Мазмұнға өту

Жылқы

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
21:45, 2023 ж. қарашаның 30 кезіндегі Kasymov (талқылау | үлесі) жасаған нұсқа (Shaimardan (т) өңдемелерінен Салиха соңғы нұсқасына қайтарды)
(айырма) ← Ескірек нұсқа | Соңғы нұсқа (айырма) | Жаңарақ нұсқа → (айырма)
Үй жылқысы

Амандық күйі
Үй жануары
Ғылыми топтастыруы
Дүниесі: Жануарлар
Жамағаты: Хордалылар
Табы: Сүтқоректілер
Кіші табы: Нағыз аңдар
Ықшам табы: Ұрықжолдастылар
Сабы: Тақтұяқтылар
Тұқымдасы: Жылқылар
Тегі: Жылқы
Түрі: Жабайы жылқы
Кіші түрі: Үй жылқысы
Үш-есімді атауы
Equus ferus caballus
Карл Линней, 1758[1]
Синонимдері

48 [2]

Жылқы (лат. Equus ferus caballus) – тақтұяқтылар отрядының бір тұқымдасы.

Жылқы адамзат өркениетіндегі, әсіресе, дала өркениетіндегі дамудың жарқын да елеулі көрсеткіштерінің бірі болады. Жылқыны қолға үйрете бастау көшпелі шаруашылық пен өркениет дамуының негізін қалады. Қолға үйретілген жылқының (E. caballus) шаруашылықта маңызы зор. Ол – ет және қымыз өндіру, салт міну, арбаға не шанаға жегу, әскери және спорттық бағыттарда өсіріледі.

Қолға үйрету тарихы

Қазба қалдықтары жылқының б.з.б. 7000 ж. бұрын-ақ Азия мен Еуропада қолға үйретілгендігін дәлелдейді. Жылқы тұқымдасы есек, құлан, зебра, жабайы жылқы болып 4 туысқа бөлінеді. Үй жылқысы жабайы жылқыға жатады, одан басқа оған керқұлан (немесе Пржевальский жылқысы) және қазір жойылып кеткен Тарпаң жатады. Соңғысы 19 ғ. дейін Батыс Қазақстан, Батыс Сібір, Ресейдің еуропалық бөлігінің оңтүстік және оңтүстік-шығыс аймақтарын және кейбір Еуропа елдерін мекен еткен. Керқұлан үйірлері қазір Моңғолияда ғана кездеседі. Көптеген ғалымдардың зерттеулері бойынша үй жылқысының ең жақын тегі осы керқұлан. Жабайы жылқының сүйегі Францияның солтүстігінен көп табылған. Америкада жабайы жылқы болмаған, қолға үйретілген жықылар кейін тағыланып (мустанг деп аталады) кеткен.

Қазақстандағы тарихы

Ежелгі дәуірлерде-ақ қазіргі Қазақстан аумағы жылқының қолға үйретілген мекені болғандығын археологиялық қазбалар дәлелдейді. Солтүстік Қазақстандағы Ботай мәдениеті энеолит дәуірінде (б.з.б. 4-3-мыңжылдық), Арқайым ескерткіштері орта қола дәуірінде (б.з.б. 2-мыңжылдық), Қазақстанның барлық аймақтарынан кездесетін арий, сақ, ғұн кезеңдерінің ескерткіштері (б.з.б. 1-мыңжылдық – б.з. 2 ғ.) ежелгі Қазақстанда жылқының қолға үйретіліп қана қоймай, бұл малдың ерекше қастерленіп, әдет-ғұрыптық рәсімдердің ажырамас бір бөлігіне айналғанын көрсетеді.

Арийлер кезеңі

Арийлер жылқыны ерекше құрметтеген. Ғалымдар арийлерде жылқының үш түрлі тұқымы болғанын анықтады: тауда жүруге ыңғайлы аласа жылқы, ұзақ жүруге ыңғайлы шыдамды қазанат және қазіргі Түрікменстанның ақалтеке жылқысының арғы тегі саналатын ұшқыр тұлпар. Әсіресе, арийлер арасында ұшқыр тұлпарлар қатты қадірленген. Әлемде алғаш рет екі доңғалақты арбаны ойлап тапқан арийлер оған ұшқыр тұлпарларын қос-қостан жегіп алып, сары далада сағымша жүйткіген. Қазақстан аумағында арийлер қалдырған құнды мәдениет ескерткіштері өте көп. Олардың көпшілігі – жартастарға салынған суреттер. Суреттерден арийлердің дүниені қалай түсінгені, қандай рәсімдік билерді билегені, қалай аң аулағаны, қандай мал баққаны, екі доңғалақты арбалары, абыздар мен батырлар туралы түсініктері, т.б. туралы толық мағлұмат алуға болады.

Сақтар кезеңі

Ал сақтар Алтайдан Дунай өзеніне дейінгі кең байтақ аймақта үйір-үйір жылқы өсіріп, ат құлағында ойнауды өнер дәрежесіне көтерген. Сақтардың балалары мен әйелдеріне дейін ат үстінде соғысу тәсілдерін жас кезінен жетік меңгеріп, көрген жұрттың зәресін ұшырған. Олардың қанқұйлы жорықтарынан соң, Еуропада, Кіші Азияда, Жерорта теңізінің бойында, Мысырда атпен бірге жаратылған кентаврлар туралы аңыз тараған. Ежелгі грек мифологиясындағы жауынгер әйелдер – амазонкалар туралы аңыздар да осы сақ әйелдерінің бейнесінен алынған деген пікір бар. Қалай болған да, жылқыға салт мінуді қас өнерге айналдырып, оны әскери әдіс-тәсілдермен шебер ұштастыра білген сақтар өз заманының ең қуатты еліне айналған. Олар өздерінің жаңа жерлерді жаулап алуына, тіршілікке қажетті байлықтарға кенелуіне жағдай жасаған жылқы баласын аса қатты құрметтеп, жан серігі санаған. “Олар аттарына да мыстан кеудені жауып тұратын сауыт кигізеді, – деп жазады ежелгі грек тарихшысы Геродот, – ал жүгендерін, шылбырын алтынмен әшекейлейді” Сақтардың патшалары, қолбасшылары мен батырларының тек өздерінің бас киімдеріне ғана емес, мінген аттарының төбесіне де лауазымдық белгі – жыға таққаны туралы деректер бар. Олардың қайтыс болған хандарды, ханзадаларды, батырларды т.б. жерлегенде, оның жан серігі болған атын жанына бірге қою ғұрпы да “иесіне аты о дүние де серік болады” деген сенімнен пайда болған.

Биологиясы

Өмір мерзімі және кезеңдері

Түріне, күтімі және өсу айналасына байланысты қазіргі үй жылқысы орташада 25-30 жыл жасайды.[3] Кей кезде, кейбір жануарлар жасы 40-тан асады.[4] Жазу деректеріне сай ең көп 19 ғ. Ескі Билли деген ат 62 жыл өмір сүрген.[3] Қазіргі заманда, Шуга Пафф деген пони 2007 ж. 56 жаста өліп Гиннесс рекордтар кітабына енген.[5]

Жылқы төлдерін былай бөледі:

  • құлын (биенің жас төлі),
  • жабағы (6 айдан асқан құлын),
  • тай (1 жастан асқаны) деп атайды.

Ал бұдан әрі ұрғашы жылқыны яғни байталды:

  • құнажын байтал (2 жастан асқаны),
  • дөнежін шығар (3 жастағы байтал),
  • дөнежін байтал (3 жастан асқаны),
  • бесті бие (4 жастан асқаны),
  • қасабалы бие (7 – 8 жастағы бие),
  • кәртамыс бие (11 – 14 жастағы бие),
  • жасаған бие (20 жастан асқан бие), т.б. атайды.

Піштірілмеген еркек жылқының яғни айғырдың атаулары:

  • құнан айғыр (2 жастан асқаны),
  • дөнен айғыр (3 жастағысы),
  • сәурік айғыр (3 – 4 жастағы үйірге салынбағаны),
  • бесті айғыр (5 жастағысы),
  • сақа айғыр (11 – 12 жастағысы), т.б.

Сипаттамасы

Жылқының басы созылған арықтау келеді; көздері үлкен өткір, танаулары кең, сүйір құлақтары ширақ қимылды үлкен не орташа көлемді (басының жартысынан да кішірек) болады. Жалы ұзын салбыраған, мойны ұзын бұлшық етті, денесі жұмырланған болады; құйрығы түбірінен басталатын ұзын қылдардан тұрады; түсі әралуан келеді. Аяқтары биік сымбатты, жуандығы орташа болады; 1-ші және 5-ші саусағы мүлдем болмайды, 2-ші және 4-ші саусақтары рудиментті түрде ғана қалыптасқан; тұяғы ең қатты дамыған ортаңғы саусақтың басын ғана қаптайды (сондықтан дененің бүкіл салмағы соған келеді). Асқазаны қарапайым болады, өт қабы жоқ, бүйені қатты дамыған. Миі біршама кішкентай, және қатпарлы үлкен ми сыңарлары мишықты қаптамайды. Алайда ақыл қабілеті едәуір жоғары болады. Сезу қабілеттерінен естуі ең жақсы дамыған, содан кейін көруі, сосын иіс сезуі. Шоқтығына дейінгі биіктігі 50 – 185 см, салмағы 60 – 1500 кг болады.

Жылқылар әдетте бір айғыр бастайтын бірнеше биеден тұратын үйірге жиналады. Көбінесе жазық далада тұрады; ерекше сипаттары - үлкен жылдамдық пен сақтылық.

Дене бітімі

Жылқының дене бітімі.

Дене бітімінің атаулары (сурет бойынша):
1. Көз ауданы [область глазницы – regio orbitalis]; 2. Қабақшұңқыры [надбровная ямка]; 3. Маңдай [лобная область – regio frontalis]; 4. Кекiл [чолка (челка) – cirrus capitis]; 5. Төбе [теменная обл. – regio parietalis]; 6. Шүйде, қарақұс [затылок – regio occipitalis]; 7. Желке [выйная сухожилия – ligamentum nucha]; 8. Жал [грива – juba]; 9. Мойын [шея – cervix collum]; 10. Шоқтық [холка (загривок) – regio interscapularis]; 11. Арқа [спина – dorsum]; 12. Белдеме [поясница – reg.lumbalis]; 13. Сербек [маклок – tuber coxae]; 14. Шорта [крестцово-позвоночная обл. – reg.lumbo-sacra-iliaca]; 15. Сауыр [круп – pelvis]; 16. Ашқұрсақ [подвздох – reg. iliaca]; 17. Құйымшақ [крестец – reg. sacralis]; 18. Құйрық түбi [репица – radix cirri caudac]; 19. Құйрық аламайы [промежность – reg. perinealis]; 20. Қоң (қоң ет) [ягодица – gluteus]; 21. Сайлық [мускулярный желоб бедра – sulcus musculi membri pelvini proprii]; 22. Санның қоң етi [двухглавая и четырехглавая мышц бедра – m.m. biceps et quadriceps brachii]; 23. Асықты жiлiк [кости голени – берцовые кости – ogga cruris]; 24. Толарсақ [скакательный сустав (заплюска) – articulatio tarsi]; 25. Тiлерсек, қылта[голенотаранный сустав – articulatio tarsocruralis]; 26. Шап ет [надколенная складка – musculi inguinalis]; 27. Ұма (еркек малда) [мошонка – scrotum]; желiн (ұрғашы малда) [вымя – uberis]; 28. Қарын [брюхо – reg.abdominalis]; 29. Қабырға (қарын мен қабырғаны қосып қаптал дейдi) [ребра – costae]; 30. Үзеңгiлiк, тебiнгiлiк [сердечная обл. – reg.cardiaca]; 31. Шынтақтың айдарбасы [локтевой бугор – tuber olecrani]; 32. Жiлiншiк [предплечье – antebrachi]; 33. Тебен сүйек [ру-диментарные грифельные костипясти (II, IV)-os metacarpalis secundum et quartum]; 33. Қолаңса [пальцевые мякиши в конце грифельных костей]; 34. Тұяқ [копыто – ungula]; 35. Шаша [щетки – cirrus pedis]; 36. Шiдерлiк [венчик – reg.os.coronalis]; 37. Тұсарлық [путо – reg.ossis compedale seu(немесе) metacarpaphalangaea]; 38. Жiлiншiк [пясть – ossa metacarpalia]; 39. Тiзе [запятный сустав – articulatio carpi]; 40. Қар жiлiк(кәрi жiлiк) [лучевая кость – radius]; 41. Тоқпақ жiлiк (тоқпан жiлiк) [обл. плечевой кости – reg.humeri]; 42. Төс (төс қасқасы) [предгруднная обл. – reg.presternalis]; 43. Топшы [плечево-лопаточный сустав – articulatio humeri]; 44. Қолдың (жауырынның ойынды етi) [мышц грудных стенок (или лопатки) – m.m.membri ithoracici proprii]; 45. Алқым [reg.subhyoidea]; 46. Күре қобысы [яремная желоб шей – sulcus jugularis]; 47. Сағақ [подчелюстная обл. – reg.submandibularis]; 48. Ұрт [шечная обл. – reg.buccalis]; 49. Жақ ет [обл.жевательной мышц – reg.massoterica]; 50. Салпы ерiн [нижняя губа – labium mandibulare]; 51. Ерiн(үстiңгi ерiн) [верхняя губа – labium maxillare]; 52. Танау (танау қыры) [переносица – reg.nasalis]; 53. Тұмсық [морда – reg.naris]; 54. Сүрiншек [proc.xiphoidea]; 55. Қазантолмас [передний брюш-ной отдел – epigastrium]; 56. Аш бүйiр, аш құрсақ [голодная ямка – fossa paralumbalis]; 57. Жаңбырлық [межреберные ямки – sulcus intercostalis]; 58. Құрсақ [reg. abdominalis]; 59. Сербек [маклок (наружной бугор) – tuber coxae]; 60. Шүйде [затылочная обл. – reg. occipitalis]; 61. Самай [височная обл. – reg. temphoralis]; 62. Көмекей [гортанная обл. – reg. laryngea]; 63. Ауыз [рот – reg. oralis]; 64. Кiндiк [пупочная обл. – reg. umblicalis].
Жылқының жаңбырлығы – жылқы санының көн етіндегі бұлшық арасындағы білеуленіп тұрған қобылы, сызық; жылқының кісегесі – жылқы қарнының майлы бөлігі; жылқының сайлығы – жылқы қолының үстіндегі екі тарам болып келетін сызық.[6]

Түсі

Жылқы түсі қылаң, баран, ала боп бөлінеді.

  • Қылаңға ақбоз, боз, бурыл, теңбіл, құбақан, сары, құла, құла жирен, шабдар, көк, сұр, құлагер, қызыл, нарқызыл, т.б. жылқылар;
  • баранға торы, қара, қаракөк, қарасұр, қоңыр, жирен, күрең, т.б. жылқылар жатады;
  • алаға сарыала, сұрала, көкала, керала, қарала, қоңырала, күреңала, т.б. жылқылар жатады.

Алыстан қарағанда жылқының денесіндегі бозғыл түктер басым болса, ол қылаң жылқы деп аталады. Қошқыл түстер көбірек болса, баранға жатады. Ерекше кездесетін түстер болады. Мысалы, шұбар, бозшұбар, көкшұбар, қарашұбар, т.б. жылқылар. Будандары қашыр, қарта қашыр (лошак), құланоид (құлан мен жылқы буданы), зеброид (зебр мен жылқы буданы) деп аталады.

Қоректенуі

Жылқы шөпті жануарларға жатады. Жайылымда ол тәулігіне 25-тен 100 кг дейін шөп жейді. Жасына және тірі салмағына байланысты жылқы орта есеппен жазда тәулігіне 30-60 литр су және қыста 20-25 литр су ішеді. Жылқыны сіңіру үшін 4-5 акр жер керек, 2 га.

Жылқы азығы негізінен сұлы мен шөптен тұрады, бірақ соңғысы кейде сабанмен алмастырылады. Бірнеше рет сұлы мен сұлы басқа да дәнді жеммен алмастыруға тырысты, бірақ мұндай әрекеттердің барлығы табысқа жете алмады. Тек Италияда, Испанияда және Португалияда, әсіресе Шығыста арпа сұлы, жылқы жемі сияқты ерекше.

Көбеюі және дамуы

Жылқыларда жүктілік шамамен 335-340 күн (11 ай) созылады. Әдетте бие бір, екі құлын сирек туады. Құлындар әдетте биеге қарағанда 2-7 күн кейінірек пайда болады. Құлын ашуланып туады және бірнеше минуттан кейін тұрып жүре алады; ол 4-6 ай бойы сүт тістері пайда болады, сүт кескіштерден орташа жұп туғаннан кейін 8-14 күннен кейін, 2-3 аптадан кейін өтеді; туғаннан кейін 5-6 айдан кейін сыртқы кесіледі. Орташа кескіштер шамамен 2 ½ жыл, келесі шамамен 3½, шеткі 4½, олармен бірге кескіштер де кесіледі; одан әрі жас кескішпен, төменгі жақпен, кескіштердің ішкі жұпымен анықталады, олар 5-6 жастағы, орташадан 7 жылға, сыртынан 8 жылға жуылады; содан кейін сол ретпен жоғарғы жақ кескіште шұңқырлар жуылады, ал 11-12 жастан бастап шұңқырлар барлық кескіштерде жоғалады, жас әр түрлі болады. 3 жылы жылқы көбеюге қабілетті болады.[7]

Түрлері

Жылқы жүк жылқысы (Владимир жылқысы, Першерон жылқысы, т.б.), мініс жылқысы (араб жылқысы, ақалтеке, т.б.), жазық дала жылқысы (Дон жылқысы, Буденный жылқысы, Қостанай жылқысы, моңғол жылқысы, қазақ жылқысы, т.б.), тау жылқысы (кабардин, қарабақ, қырғыз, алтай жылқылары, т.б.), солтүстік дала жылқысы (витский, эстон, якут жылқылары, т.б.) болып ажыратылады. Дүние жүзінде жылқының 250-дей түрі бар. Қазақстанда жылқының 16 түрі өсіріледі (қ. Жылқы өсіру).

Қазақстандағы жылқы қолтұқымдары

Қазақстанның жылқы өсіретін асыл тұқымды шаруашылықтарында жылқының 20-ға жуық қолтұқымы өсіріледі.

Қазақы жылқы

Қазақстанда ерте кездерден бастап, өсіріп келе жатқан қолтұқымның бірі - қазақы жылқы. Оның негізгі тобын - «жабы» деп атайды. Бұл қолтұқым көлік малы ретінде және еті, сүті үшін де өсіріледі. Дене бітімі шымыр, қатаң ауа райына төзімді. Жыл бойы жайылымда, жемшөп талғамайды, тез қоңданады, салт мінуге ыңғайлы. Ең байырғы тұқымы нашар қазақы жылқы - жабы. Оның шоқтығына дейінгі биіктігі - шамамен 145 см, тұрқы - 150 см, салмағы - 460-470 кг. Жайылымда семіртілсе, одан 230-250 кг таза ет алынады. Жабы жылқылары Атырау, Ақтөбе, Қарағанды, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Алматы, Жамбыл, Шығыс Қазақстан, Ақмола аймақтарында өсіріледі.

A.
Буденов жылқысы.

Адай жылқысы

Қазақстанның батыс аймақтарында ертеден өсіріп келе жатқан қолтұқымы – адай жылқысы. Жергілікті халық «дала көркі» деп ерекше дәріптейді. Оны салт мініс көлігі ретінде пайдаланады.

Көшім жылқысы

Көшім жылқысы да халықтық сұрыптау нәтижесінде Батыс Қазақстан аймағында шығарылған. Жергілікті биелерді басқа асыл тұқымды айғырлармен жұптастыру арқылы алынған қолтұқым.

Қостанай жылқысы

Қостанай және Ресейдің Челябі аймақтарында өсіріледі. 1951 жылы өз алдына жеке қолтұқым ретінде бекітілген. Жергілікті қазақы жылқылардың биелерін асыл тұқымды қалмақ, дән, орлов жылқыларының айғырларымен жұптастыру арқылы шығарылды. Бұл қолтұқым тебінге төзімсіз.

Қазақстанның батыс өңірінде соңғы жылдары жылқының - мувалжар қолтұқымы шығарылды. Ол негізінен етті және сүтті бағытта өсіріледі. Биелері жылына 3000 литрдей сүт береді.

Қазақстанда жоғарыда аталған қолтұқымдардан басқа жон, желғор, қарабайыр, буденный, түрікменнің ахалтекесі жылқылары өсіріледі. Жылқы малын тек көлік ретінде ғана емес, оның дәмді еті, шипалы қымызы үшін де өсіреді.

Жылқы өнімдері

A.
Бие сауын.

Қымыз

Қымыздың 3 мың жылдық тарихы бар. Қымыз - халқымыздың кәделі әрі киелі сусыны. Қымыздың 40-қа жуық түрі дайындайды, оны дайындау тәсілдері де түрліше. Мысалы, уыз қымыз, бал қымыз, бесті қымыз, дөнен қымыз, жуас қымыз, қысырақ қымыз, шырғанақ қымыз және басқа да түрлері бар. Қымыздың шипалық қасиетіне шет елдер де көңіл бөле бастады. Халқымыздың ұлттық мерекесінің бірі «қымызмұрындық» деп аталады.

Ет өнімдері

Жылқы етінен өндірілетін өнімдер: жал, жая, қарта және шұжық. Жал - желке шайы, жая - екі жамбастың сырты, яғни сауыр еті. Қазы - қабырғаның майлы сүбе еті. Қарта - тік ішектің майлы бөлігі. Шұжық - туралған ет пен май тығылып, илектен жасалған тағам.[8]

Қазақ халқындағы жылқы маңызы

Таза қанды салт мінетін жылқы

Қазақ халқының дүниетанымында, ділі мен тілінде жылқыға қатысты өзгеше философиялық және мәдени жүйе қалыптасқан. Қазақтар адам мен оның жан серігі атына біртұтас әлем ретінде қарағанын. Адамның азамат қатарына қосылуының өзін “ат жалын тартып мінді” деп бейнелейді қазақ халқы. Жас баланың алғаш атқа отырғанын атап өту рәсімі – тоқым қағар тойынан бастап, адамның бұл өмірден өткенінің белгісі ат тұлдауға дейінгі бүкіл пәнилік тіршілікті жылқымен байланыстырған. Сыйлы қонаққа ат мінгізу, күйеу жігіттің қалыңдық алуына алғаш барғанда ат байлауы, ұрыс кезінде жау қоршауында қалған қолбасшыға ат сүйек беріп құтқару, т.б. дәстүрлер жылқының қазақ халқының шаруашылығында ғана емес, әлеуметтік өмірінде де үлкен мәнге ие болғанын білдіреді.

Қазақ халқы жылқыны, ең алдымен, ел қорғаны ердің жан серігі деп дәріптеген. Ұлттық мифологиядағы иесі қысылғанда тіл бітіп, ақыл айтатын тұлпарлар (мысалы, “Ер Төстік”, “Алтын сақа”, т.б. ертегілерде), батырлық жырлардағы Қобыландының Тайбурылы, Алпамыстың Байшұбары, Қамбардың Қарақасқа аты, бергі заман батырлары Исатайдың Ақтабаны, Амангелдінің Шалқасқасы иелерімен бірге жыр-аңызға айналып, ел құрметіне бөленген. Қазақ халқының әскери жорыққа төзімді жылқы тұқымдарын көптеп өсіретіні туралы деректер Ресей және Еуропа зерттеушілері Н. Бахметьевтің (1870), С. Вогактың (1873), А. Гердердің (1875), А. Вилькинстің, т.б. еңбектерінде жазылып қалған. Қазақ даласында өсірілген жықлылар 1-ші, және 2-ші дүниежүзілік соғыс майдандарына көп алынған.

Екіншіден, қазақ халқы жылқыны спорттық ойын-сауықтарда (қ. Аламан бәйге, Бәйге, Құнан бәйге, Жорға жарыс, Көкпар, Аударыспақ, Ат омырауластыру, Ат үстінен тартыс, Қыз қуу, Салма ілу, Күміс ілу, т.б.) азаматтың мерейін асыратын, сал-серілік пен сәнділіктің шырайын келтіретін текті жануар деп есептеген. “Жылқы сәндік үшін, түйе байлық үшін” деген мақалдың мәні осыны мегзейді. Қазақ халқының алыс қашықтыққа шабатын аламан бәйгелер ұйымдастыратыны туралы орыс саяхатшылары тамсана жазады. Мысалы, А. Вилькинистің 1885 ж. “Журнал коневодства и коннозаводства” басылымында жарық көрген “Заметки о лошадях Туркестана” деп аталатын мақаласында мынадай пікір айтылады: “Орта Азия халықтарының ішінде атты алысқа шабуға машықтыратын қазақтар мен түрікмендер 25-тен 40 верстке (1 верст – 800 м) дейін ат шабысын ұйымдастырған. Ал Әулиеата қазақтары қашықтығы 100 версттік бәйге ұйымдастырып отырған”. Осы мақалада тағы бір қызғылықты пікір бар: “...Ташкент пен Орынбор арасына қосарға бір ат алып, 18 күнде барып қайтқан. Дәстүрлі қазақ қоғамында жүйрік жылқы тек иесінің ғана емес, бүкіл рудың, аймақтың мәртебесін өсірген. Олар туралы әндер мен күйлер шығарылып, есімдері халық жадында ұзақ сақталған. Жылқы тұқымын асылдандырудың, сәйгүлік болар жылқыны тай күнінен ажырата білудің, ат баптаудың қыры мен сырын жетік білетін мамандарды халық арасында атбегілер немесе атбаздар деп атаған (қ. Атбегілік).

Үшіншіден, дәстүрлі қазақ қоғамында байлық мөлшері тек жылқымен ғана өлшенген. Жылқысының саны 5000-нан асатындар ғана бай санатына жатқызылған. Халықтың жылқы малына қатысты ерекше ықыласы, кең байтақ жайылымдардың болуы, жылқының қыста тебініп өзі жайыла алатындығы, т.б. факторлар қазақ даласында бұл түліктің көп өсірілуіне себеп болған. 1880 ж. Австрия-Венгрияда 3,5 млн., Германияда 3,3 млн., Францияда 3,0 млн. Ж. болса, 1879 ж. Қазақстанның бір ғана Орынбор облысында 1,8 млн. жылқы болған. 20 ғ-дың басындағы нәубеттерден кейін 1920 ж. Қазақстанда 8 млн-нан астам Ж. қалғандығы туралы ресми дерек бар. Шын мәнінде, ұлттық байлық саналған осыншама Ж. Кеңес үкіметінің солақай саясаты салдарынан 20 ғ-дың 30-жылдары қырғынға ұшыраған (қ. Ашаршылық).

Қазақ халқы жылқы малын 3 топқа бөлген. Қазақтар бәйгеге қосатын жүйрік жылқыларды тұлпар, арғымақ, сәйгүлік деп әлпештеп, ерекше күтімге алған. Ал ауыр жүк артуға, алыс жолға төзімді жылқыны қазанат деп атап, оны да ерекше бағалаған. Ал еті мен сүті үшін өсіретін қалған жылқылар жабы деп аталған.[9]

Жылқының түсіне байланысты атаулар

  1. Ақжол сары - жылқының бүкіл денесі ақшыл, сары. ал құйрығы мен жалы - сары немесе ақ түсті.
  2. Ала - денесі, жалы, құйрығы мен аяғының едәуір бөлігін қоса ала-ала болып келеді.
  3. Боз - қартая келе, түгі ағарудан барып жылқы бозғылт тартады. Туылғанда жирен, торы, қара болады.
  4. Бурыл - жалпы денесінің түгі қара, торы, жирен т.б. түстес болып денесінің жалы мен құйрығының едәуір жері ақ болады.
  5. Жирен - денесі, жалы, өқйрығы мен аяқтары жирен түсті. Боз, қоңыр және қызыл жирен деп бөлінеді.
  6. Қара - бүкіл денесі, жалы, құйрығы мен аяқтары - қара.
  7. Қарагер - қара түсті жылқыдан айырмасы: қарагердің танауы мен көзінің айналасы қара қошқыл болып келеді.
  8. Қара күрең - денесі, жалы, құйрығы мен аяқтары қарв күрең. Әдетте, жалы мен құйрығы қара қошқыл болып келеді.
  9. Құла - құла сұр жылқыдан айырмасы: құла жылқының төменгі жағы қара емес, теңбіл-теңбіл.
  10. Құласұр - басы мен денесі сарғылт, тпырақ түстес қызғылтым, ал жалы, құйрығы мен аяқтары - қара.
  11. Сұр - денесі сұр түсті, басы, жалы, құйрығы мен аяғының төменгі жағы қара.
  12. Торы - басы мен денесі құбылып тұратын қызыл қоңыр, жалы, құйрығы мен аяқтары қара.
  13. Шабдар - денесі, аяқтары күрең, ал жалы мен құрығы сұрғылт.
  14. Шұбар - денесінің өн бойында қара немесе қара күрең теңбілдер болады.

Тағы қараңыз

Дереккөздер

  1. Linnaeus Carolus Systema naturae per regna tria naturae :secundum classes, ordines, genera, species, cum characteribus, differentiis, synonymis, locis. — 10th. — Holmiae (Laurentii Salvii), 1758. — Vol. 1. — P. 73.
  2. MSW3
  3. a b Ensminger Horses and Horsemanship pp. 46–50
  4. Wright, B. The Age of a Horse. Ministry of Agriculture, Food and Rural Affairs. Government of Ontario (наурыз 29, 1999). Тексерілді, 21 қазан 2009.
  5. Ryder, Erin World's Oldest Living Pony Dies at 56. TheHorse.com. The Horse. Тексерілді, 31 мамыр 2007.
  6. ҚАЗАҚТЫҢ ЭТНОГРАФИЯЛЫҚ КАТЕГОРИЯЛАР, ҰҒЫМДАР МЕН АТАУЛАРЫНЫҢ ДӘСТҮРЛI ЖҮЙЕСI. Энциклопедия. – Алматы: РПК “Слон”, 2012. – (иллюстрацияланған) ISBN 978-601-7026-17-22-том: Е – И – 736 бет.ISBN 978-601-7026-20-2
  7. Клягин Н. В., Происхождение цивилизации (социально-философский аспект), ЦОП Института философии РАН. — М., 1996.
  8. Биология:Жалпы білім беретін мектептің 7-сыныбына арналған оқулық. Алматы: Атамұра, 2007. ISBN 9965-34-607-0
  9. Қазақ энциклопедиясы