Мазмұнға өту

Зарапшан өзені

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
(Зерафшан өзені бетінен бағытталды)
A.
Зерафшан өзені.

Зерафшан өзеніОрталық Азиядағы өзен. Тәжікстан және Өзбекстан аумағы арқылы ағады. Ұзындығы 781 км. Су жиналатын алабының ауданы – 41860 км².

Бастауын Тәжікстандағы Матч тау торабындағы мұздықтан алады. Жоғарғы ағысында таулы жермен, ал төменгі ағысында жазықпен ағады. Бастауында Түркістан және Зеравшан жоталарының арасындағы шатқалмен ағып, Тұран жазығына шығады. Өзен аңғарының едәуір бөлігі тар әрі терең, тек төменгі ағысында ғана біршама кеңейеді.

Ірі салалары: Фандария, Магиан, Кштут. Өзен Самарқан қаласының маңында екі салаға бөлініп (Ақдария және Қарадария), Хатырчи елді мекенінің жанында қайта түйіседі. Ақдария мен Қарадария арасында ауданы 1200 км² шамасында Мианкале аралы орналасқан. Өзен Әмударияға 20 км жетпей құмға сіңіп кетеді.

Өзен, негізінен, көктемде еритін қар суы мен таудағы мұздық суымен толығады. Көктем – жаз айларында тасиды. Қыста өзенді мұз баспайды. Өзеннің су ағыны 30-дан 700 м3/с аралығында өзгереді. Тау шатқалынан шыға берісте су ағынының жылдық орташа көрсеткіші 160 м3/с. Өзен суы төменгі ағысында көптеген каналдар арқылы Тұран жазығының құнарлы жерлерін суландыруға пайдаланылады. Өзен алабының тау алды аудандарында бірнеше бөгендер салынған. Олардың ең ірісі – Қаттақорған бөгені. Зеравшан өзенінің аңғарында Самарқан, Бұхара, Қаттақорған, Пенджикент қалалары орналасқан.[1]

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. Қазақ энциклопедиясы, 4 том, 3 бөлім