Айбалдырған
Ғылыми топтастыруы | ||||||||||||||||||||
---|---|---|---|---|---|---|---|---|---|---|---|---|---|---|---|---|---|---|---|---|
| ||||||||||||||||||||
Екі-есімді атауы | ||||||||||||||||||||
Angelica archangelica L. |
Айбалдырған (лат. Angelica archangelica) – шатыршагүлділер тұқымдасының аюбалдырған туысына жататын, екі жылдық, биік сабақты, шөп текті өсімдік. Оның биіктігі 1-2 метрдей болады. Тамыры жуан, қысқа, көптеген қосалқы тамырлары болады. Сабақтары жұмыр да жуан, әрі түзу, арасы қуыс болып келеді. Кезекті жапырақтары ірі де қалың қынапты және екі-үш түкті қабығы бар. Гүлдері ақшыл немесе сары, жасыл, кішігірім шатыр сияқты болып тұрады. Өсімдік май айынан қыркүйекке дейін гүлдейді. Ол көбінесе КСРО-ның Еуропалық бөлігі мен Батыс Сібірдің орманында және орманды далаларында өседі.
Химиялық құрамы
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Айбалдырғанның тамыры мен тамыр сабағында шайыр (6 пайызға дейін), эфир майы (1 пайызға дейін), балауыз, илік және ащы заттар, валериан, ангелико, сіркесу қышқылдары, крахмал, қант бар. Миуасында май (20 пайызға дейін) болады.
Қолдануы
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Дәрі мақсатында тамыры мен тамыр сабағы пайдаланылады. Халық медицинасында оны ішек-қарын ауруларына қарсы, несеп жүргізетін және қақырық түсіретін дәрі ретінде қолданылған. Сонымен қатар метеоризм, спастикалық колитте (ішек ауруы) көкемаралға қосып қайнатынды жасап ішеді. Айбалдырғанды басқа да шөптермен қосып, ет, қарын сөлінің, панкреатиндік сөлдің бөлінуін жақсартатын дәрі ретінде қолданады. Оның өттегі, асқазандағы, ішектегі шырын бөлінуді күшейтетін, диурезді жақсартып, жүрек қан тамырлары мен нерв жүйесін қоздыратын қасиеті бар. Кейбір шетелдерде айбалдырғанның тек тамыры мен тамыр сабағын ғана емес, сонымен бірге миуасын да, шөбін де тер және жел шығаратын хош иісті дәрі ретінде пайдаланылады. Оның миуасы мен тамырында болатын фурокумариндер қатерлі ісікке қарсы қолданылатын келешегі бар дәрі ретінде зерттеліп жатыр.
Дереккөздер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]1↑"Дәрілік өсімдіктер"/Бас редакторы М.Қожабеков-"Қазақстан" баспасы,1975.