Мазмұнға өту

Аустрия империясындағы революция

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет

Австриядағы Революция (1848-1849) – буржуазияляқ, демократиялық көтеріліс; негізгі мақсаты – феодалдық-абсолюттік құрылыс пен көп ұлтты Австрия империясын (“халықтар түрмесін”) жойып, өз алдына дербес буржуазиялық ұлттық мемлекеттер құру болды.

Революцияның басталуы

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Австрия империясында феодалдық қатынастардың сақталуы капитализмнің дамуын тежеді, феодалдық езгі ұлттық езгімен тығыз ұштасты. 19 ғасырдың 40 жылдарында Габсбург монархиясында саяси дағдарыс күшейіп, ол 1847 жылы басталған экономикалық дағдарыспен ұласты. Көтерілістің бастаушысы – [либерал буржуазия], қоғаушы күші – халықтың қалың бұғарасы: жұмысшылар, қаланың ұсақ буржуазиясы, шаруалар болды. Бұл кезде [пролетариат] әлі әлсіз еді, өзінің таптық мүдделерін айқын түсінбеген-ді, сондықтан ол ерекше талаптар қоя алмады. Ал буржуазия конституциялық монархия идеясынан әрі аспады, тіпті оның сол қанаты – Вена студенттері Габсбургтерді құлату мәселесін қоймады.

Революция барысы

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
Фердинанд I-шінің конституциялық жиналысқа шақыру туралы жарлығы
  • 1848 жылы ақпан-наурызда Франция мен Германияда өріс алған көтеріліс оқиғалар Австрияда еңбекші бұқараның тікелей күреске шығуына түрткі болды. 13 наурызда Венада халық көтерілісі басталды. Канцлер Меттерних орнынан түсуге мәжбүр болды. Австрия императоры Фердинанд конституция қабылдауға уәде етті. 17 наурызда дворяндар мен либералдардың өкілдерінен үкімет құрылды. Студенттердің өз алдында қарулы ұйым – Акедмиялық легион құруына, ал қала тұрғындарының ұлттық гвардия жасақтауына рұқсат берілді. 1848 жылы сәуірде қоғамдық қауіпсіздік комитеті құрылып, ол буржуазияның өкімет орны ретінде әрекет жасады. Тек Австрияның өзінде ғана емес сондай-ақ Габсбургтердің көп ұлтты империясының әр жерінде-ақ революциялық қозғалыс өрши түсті (Венгриядағы көтеріліс, Миландағы, Галициядағы, Воеводиндегі, Хорватиядағы халық көтерілістері).
  • 1848 жылы 25 сәуірде үкімет конституция жобасын жариялады, 11 мамырда сайлау заңы шықты.Конституция бүкіл өкімет билігін іс жүзінде император мен жоғарғы палатаның қолында қалдырды, ал сайлау заңы мал-мүлік, отырықшылық шарттарын қойып, халықтың қалың бұқарасын сайлау құқынан айырды. Бұл астанада қатты наразылық туғызды. Үкімет веналықтардың қарулы күштеріне соққы бермек болып, 14 мамырда ұлттық гвардияның орталық комитетін тарату туралы бұйрық шығарды. Одан кейін Академиялық легионды тарату жөнінде әрекет жасалды. Қаруланған халық щайқасқа шықты, сөйтіп үкіметті ниетінен қайтаруға мәжбүр етті. Император бір палаталы, сайламалы рейхстаг құру туралы жарлық шығарды. Қалың бұқарадан қорыққан император Фердинанд I және оның жақын серіктері Инсбрукке қашты, сөйтіп онда контрреволюция қастандықты өршітті. 1848 жылы маусымда Парижде болған көтеріліс Австрия пролетариатының да дербес күш болып қимылдауы мүмкін екенін көрсетті. Бұдан үрейі ұшқан буржуазия контрреволюция жағына шыға бастады. Үкімет жұмысшылардыауыздықтайтын кезең келді деп есептеді. 12 тамызда император мен оның сарай қызметшілері Венаға қайта келді. 19 тамызда жұмысшылардың жалақысын кеміту туралы жарлық шықты. Бұған наразылық білдіріп, жаппай қыр көрсетуге шыққан жұмысшыларды буржуазияның қарулы күштері – ұлттық гвардия басып-жаныштады (23 тамыз). Бұл буржуазияның революцияға ашықтан-ашық опасыздық жасауы еді. Шаруалар мәселесі жөнінде де буржуазияның дәйексіздігі мен солқылдақтығы байқалды.
  • 1848 жылы 7 қыркүйекте заң бойынша шаруалардан алынатын салықтың мөлшері 20 есеге дейін көбейді. Революциялық күштердің әлсіздігі мен буржуазияның опасыздық саясатын пайдаланып, император сарайы Австрияның өзіндегі және бүкіл Австрия империясындағы революцияға енді бас көтертпестей соққы беруге ұйғарды да, бұл әрекетін қозғалыстың басты ошақтарының бірі – Венгриядан бастады. Алайда Венгрияның көтерілістік армиясы императордың қарулы күштеріне әлденеше рет қатты соққы беріп, оларды Венаға қарай шегінуге мәжбүр етті. Үкімет Вена гарнизонының бөлімдеріне венгер армиясына қарсы шабуылға шығуға бұйрық берді. Император венгер сеймін таратылды деп жариялады. Бұл жарлықтар Венада қатты толқу туғызды. 6 қазанда қолөнершілер, жұмысшылар, студенттер майданға кетіп бара жатқан әскерлердің жолын бөгеп тұрып алды. Қалада халық көтерілісі басталып, гарнизонның бір бөлегі бұқара жағына шықты. Император сарайындағылар қайта қашты. Қазан көтерілісі Австрия революцисының ең биік шыңы болды. Вена көтерілісшілерінің күшін қалаға жақындап келе жатқан революция Венгрия әскерлерімен біріктіруге қолайлы жағдай туды. Көтеріліске басшылық етушілер қарулы жұмысшылар мен студенттерге сүйенген ұсақ буржуазия мен радикал интеллигенция өкілдері болатын. Олар тиісінше батылдық көрсетпеді, қимылды реттеп, отыратын бірыңғай орган құра алмады. Контрреволюция фельдмаршал Виндишгрецтің қол астына орасан зор армия жинап беріп, астананы жан-жақтан қошауға алды. Қала оқтың астында қалды. 29 қазанда көтеріліс басшылары Виндишгрецпен келіссөз жүргізіп, тізе бүгуге келісті. Алайда жұмысшылардан құрылған гвардия бағынудан бас тартып, ерлікпен шайқаса берді. Тек 31 қазанда ғана император әскерлері Венаға енді. Олар революцияны қанға бояп тұншықтырды. Қазан көтерілісі жеңілгеннен кейін феодалдық-монархиялық топтар мен ірі буржуазия өкілдерінен князь Шварценберг бастаған жаңа үкімет құрылды. Фердинанд I тақтан бас тартқаннан кейін 1848 жылы желтоқсанда өкімет басына келген жаңа императоп Франц Иосиф реакцияшыл конституция жариялап (1849 жылы, наурыз), рейхстагты таратты.

Революция салдарлары

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Австрия Революциясы аяқталмай қалды. Буржуазияның опасыздық жасап, контрреволюция жағына шығуы революцияның жеңілуіне басты себеп болды. Буржуазиялық-демократиялық революцияның міндеттері орындалмады. Австрия империясының халықтары Габсбургтердің тепкісінде қалды. Абсолюттік тәртіп негізінен қалпына келтірді. Алайда шаруаларды феодалдық алым-салықтан ақыға көшірудің өзі елде капитализмнің дамуына жәрдемдесті; революциядан бұрынғы қатынастарға түгелдей қайта оралу мүмкін болмай қалды. [1]

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. Қазақ Совет Энциклопедиясы I том, Австриядағы Революция .