Мазмұнға өту

Гербицидтер

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет

Гербицидтер, шөпжойғыштар(лат. herba — шөп және caedo — өлтіремін) – арамшөптерді жою үшін қолданылатын хим. қосылыстар.

Гербицидтер өсімдіктерге әсер етуіне қарай екі топқа бөлінеді: өсімдіктердің барлық түріне жаппай әсер ететін гербицидтер және өсімдіктердің тек бір түріне ғана әсер етіп, қалған түрлеріне зиян келтірмейтін талғамды гербицидтер. Біріншісі өндіріс орындарының айналасындағы, ормандардың ағаш кесілетін бөлігіндегі, темір және тас жолдардағы, тоғандар мен көлдердегі өсімдіктерді құрту үшін, екіншісі мәдени өсімдіктерді арамшөптерден тазарту үшін қолданылады. Гербицидтер өсімдіктерге әсері және қолдану әдісіне байланысты тікелей жойғыш және жүйелік болып бөлінеді.

Тікелей жойғыш Гербицидтер – өсімдікті тікелей уландырады, өсімдік тез солып, қурайды. Жүйелік гербицидтер – өсімдіктердің сабақтары мен жапырақтары арқылы бүкіл өн бойына тарап уландырады, бұл гербицидтер тамыры ұзын және көп жылдық арамшөптерге қарсы қолданылады. Тікелей жойғыш және жүйелік гербицидтердің ерітінділерін, эмульсияларын өсімдіктің сабағына бүркеді. Гербицидтер ретінде органик. және анорганикалық заттар қолданылады, кейде бірнеше гербицидтерді араластырып қолдану арамшөптердің әр түрлерін жою үшін тиімді. Қазір гербицидтік қасиеттері бар 1000-нан аса қосылыстар белгілі. Гербицидтерді ерітінділер, ерігіш ұнтақ, паста, жұққыш ұнтақ, концентратты эмульсия түрінде дайындайды. Гербицидтер – орташа улы заттар, дененің ашық жерлеріне, ауызға, көзге, мұрынға тимеу үшін қолғап, көзілдірік, т.б. пайдалану керек.[1]

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. Қазақ энциклопедиясы
Ортаққорда бұған қатысты медиа файлдар бар: Category:Herbicides