Мазмұнға өту

Дегелектәрізділер

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Дегелектәрізділер

Дегелектәрізділер немесе Ұзынсирақтылар (лат. Сіconііformes) – қырлы төсті құстардың бір отряды. Шығу тегі жөнінен бірқазандарға жақын, олигоцен дәуірінен белгілі. Дене тұрқы орташа, мойны, тұмсығы 4 бармақты, аяқтары ұзын. Тұмсығы үшкір, тік не орақ пішінді келеді. Қауырсындарының түсі әр түрлі. Қораздары мен мекиендерінің қауырсыны біркелкі болады. Дегелектәрізділер су айдындарына таяу жерлерде тіршілік етеді, көпшілігі қорегін таяз судан ұстайды, тек марабу деген түрі тропиктік өңірдің құрғақ жерлерінде тіршілік етіп, өлексемен қоректенеді. Дегелектәрізділердің 6 тұқымдасының (құтандар, дегелектер, қайықтұмсықтылар, китбастылар, балғабастылар, тырнақұтандар) 118 түрі Арктика мен Антарктидадан басқа жерлерде (әсіресе, тропиктік, субтропиктік аймақтарда) кеңінен тараған. Көпшілік түрі моногамды, топталып тіршілік етеді. 2 – 9 жұмыртқа салып, оны қоразы да, мекиені де 15 – 35 күндей кезектесіп басып шайқайды. Балапандары қызылшақа болып туады, оларды аталығы да, аналығы да бірігіп 1 – 4 айдай қоректендіреді. Дегелектәрізділер – жыл құстары. Көпшілігінде дыбыстық сіңірлер, жарғақтар, жемсауы болмайды. Ұсақ су жәндіктерімен, омыртқалы жануарлармен (балық, көлбақа, құрбақа, жылан, т.б.) қоректенеді. Дегелектәрізділердің дегелек тұқымдасының 2 түрі (ақ дегелек, қара дегелек), құтан тұқымдасының 2 түрі (кіші құтан, сары құтан), тырнақұтан тұқымдасының 2 түрі (қалбағай, қарабай) Қазақстанның «Қызыл кітабына» енгізілген. Ал Қиыршығыс дегелегі, Сарытұмсық құтан, Қызылаяқты тырнақұтан өте сирек кездесетіндіктен қорғауға алынып, Халықар. табиғат қорғау одағының «Қызыл кітабына» енгізілген.[1][2]

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. Қазақ энциклопедиясы
  2. Орысша-қазақша түсіндірме сөздік: Биология / Жалпы редакциясын басқарған э.ғ.д., профессор Е. Арын - Павлодар: «ЭКО» ҒӨФ. 2007. - 1028 б. ISBN 9965-08-286-3