Дін психологиясы
Дін психологиясы — діни сананың ерекшеліктеріне, құрылымы мен функцияларына негіз болатын психологиялық және әлеуметтік-психологиялық факторларды зерттейтін психология ғылымының саласы. Дін психологиясы XIX ғасырдың аяғында — XX ғасырдың басында пайда болды және діни сананың құдай (рух), жұмақ, дозақ, күнә және т.б. ұғымдарды қамтитын мазмұны туралы, сондай-ақ намаз, дұға, жалбарыну және басқа да парыздарды атқару кезіндегі адамның эмоциялық күйі мен сезімдері туралы едәуір материал жинақталды. Дін психологиясында әртүрлі теориялық- әдістемелік тұрғыларға негізделген бірнеше ағым бар. Қазіргі дін психологиясы жалпы және әлеуметтік психологияның, әлеуметтанудың, этнография мен дін тарихының теориялық ережелері мен әдістемелерін пайдаланады. Дін психологиясының зандылықтарын, дамуы мен өз функцияларын атқаруын зерттеу мына бағыттарда жүргізіледі:
- 1) Дін психологиясының жалпы теориясы діни сананың мазмұны мен құрылымын, діни сезімдерге тән сипатты ерекшеліктерді, тұлға мен қоғамның рухани өміріндегі діннің психологиялық функцияларын зерттейді;
- 2) дифференциалдық психология нақты әлеуметтік орта мен тарихи дәуірді ескере отырып, дін ұстанатымдардың діни сана-сезімі мен сезімдерін қарастырады;
- 3) діни топтардың психологиясы діни қауымдастықтардың әлеуметтік-психологиялық құрылымын, олардың қарым-қатынас, еліктеу, иландыру, нұсқамалар механизмдерін, дінге сенушілердің санасына, сезіміне және мінез-құлқына әсер-ықпалын зерттейді;
- 4) діни табынушылық психологиясы діни ғұрыптардың адам психикасына әсер-ықпалын зерделейді;
- 5) атеистік тәрбиенің педагогикалық психологиясы атеистік дүниетанымды қалыптастырудьгң принциптерін талдап-белгілейді.[1]
Дереккөздер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- ↑ Жантану атауларының түсіндірме сөздігі. — Алматы: "Сөздік-Словарь", 2006. - 384 бет. ISBN 9965-409-98-6