Ескекаяқтылар
Ескекаяқтылар (лат. Pinnipedia) — су сүтқоректілер отрядына жататын жануарлар тобы.
Денесі ұршық тәрізді сүйір, бес саусақты аяқтары ескекке айналған, құйрығы қысқа. Суда өмір сүруге бейімделген, бірақ киттерден айырмашылығы мол, өйткені олар құрғақта немесе мұзда ғана шағылысады, балаларын тауып, сүтпен қоректендіреді, дем алады, түлейді.[1]
Бұлардың қазба қалдықтары миоцен дәуірінен белгілі. Ескекаяқтылар Атлант мұхиты, Тынық мұхит, Солтүстік Мұзды мұхит жағалауларында, Балтық теңізі., Қара теңіз., Каспий теңізінде, Байкал және Ладога көлдерінде кездеседі. Дене пішіні ұршық тәрізді, бесбашпайлы аяқ-қолдары жарғақаяққа (ескекаяққа) айналған.
Дене тұрқы 1,2 – 6 м-дей, салмағы 40 – 3600 кг-ға дейін жетеді. Басы үлкен, мойны қысқа және тұлғасымен бірігіп кеткен. Жүзген кезде танау тесіктері терілі қатпар арқылы жабылады. Алдыңғы, артқы аяқтары ескекке ұқсас болғандықтан, отрядтың аты осыдан шыққан. Тері астындағы қалың май қабаты (10 см-ге дейін) дене температурасын реттеу қызметін атқарады әрі қоректік зат қоры болып табылады. Тері сыртындағы жамылғы түгі – ересектерінде біркелкі қалың қылшықты, ал күшіктерінде – үлпілдек мамықты болады. Көру, есту, иіс сезу, тыныс алу мүшелері жақсы жетілген. Қорегі – балықтар, моллюскілер, шаянтәрізділер. Аталықтары аналықтарынан ірі келеді. Көбею кезінде бір орынға топталып жиналады. Көпшілік түрлері жеке жұп құрады. Аналықтары 3 – 4 жаста, аталықтары 5–6 жаста жыныстық жағынан жетіледі. Буаздық мерзімі 11–12 ай. Жылына бір рет көбіне бір ғана күшік туады. Анасын 1–2 жылдай емеді. Ескекаяқтылар cуда тіршілік етуге бейімделген, құрлыққа, не мұз үстіне тек шағылысу кезінде, күшіктегенде, түлегенде, тыныққан кезде ғана шығады.
Ескекаяқтылар қазіргі кезде 3 тұқымдасқа бөлінеді:
- морждар (лат. Оdobenus rosmarus) – сойдақ тістілер – оның өзі аттас 1 ғана түрі бар. Дене тұрқы 410 см-дей, салм. 2000 кг-дай. Құлақ қалқаны, құйрығы жоқ. Жоғары сойдақ тістері өте ұзын әрі жуан (ұзындығы 60 – 80 см-дей). Артқы ескек аяғы бауырына қарай бүгіліп, құрлықта қозғалуына көмектеседі. Морждардың саны жылдан-жылға азаюына байланысты қорғауға алынып, Халықар. табиғат қорғау одағының «Қызыл кітабына» енгізілген, оларды жергілікті халыққа ғана аулауға рұқсат етілген.Қазіргі уақытта ескекаяқтылардың 31 түрі бар деп есептеледі, олардың 13 түрі КСРО-ның , 1 түрі республикамыздың Каспий теңізінде мекендейді. Соңғы кезде сиреп кеткендіктен, 6 түрі және 3 түр тармағы ХТҚО-ның ,2 түрі мен 8 түр тармағы бұрынғы КСРО-ның Қызыл кітабына тіркелді.
- құлақты итбалық (лат. Оtarііdae) – оның 14 түрі бар. Бұлардың сыртқы құлақ қалқаны айқын байқалады, тұқымдастың аты осыған байланысты аталған. Тағы бір ерекшелігі – аталықтарының мойнындағы түгі (шашы) жал сияқты ұзын болады. Бұлардың 3 түрі Халықар. табиғат қорғау одағының «Қызыл кітабына» енгізілген;
- кәдімгі итбалықтар.
Бұлардың киттәрізділерден ерекшелігі - тіршілігінің көпшілігін суда өткізгенмен көбею үшін және тыныққанда міндетті түрде құрлыққа шығады. Суда ескек тәрізді аяғымен еркін жүзеді, балық аулап қоректенеді. Ескекаяқтылардың дене пішіні балыққа ұқсас сүйірлене біткен, көпшілігінде құлақ қалқаны болмайды, бірақ дыбысты жақсы естиді. Олардың денесіндегі түкті жабын айтарлықтай жетілмеген, терісінің астында қалың май қабаты болады.
Ескекаяқтылардың сыртқы құрылысына қарай екі топқа бөлуге болады. Олардың кішкене болса да құлақ қалқаны айқын көзге түседі; ескекке айналған аяқтары да итбалықтың ескекаяғынан өзгеше: олар аяғына таянып, құрлықта ебдейсіз болса да төрт аяқтап жүре алады. Түлендер алғашқы кезде әлсіз, суда жүзе алмайтын, көздері ашық 1-2 бала туады. Денесін қысқа қара жүн қаптайтындықтан, түлендердің баласы барқын деп аталады. Ал итбалықтарда құлақ қалқаны болмайды және ескек аяқтарын таяныш ете алмайтындықтан, бауырымен қозғалады. Кейбір итбалықтар үлбірі аппақ 1-2 бала туады, ол ақүрпек деп аталады. Ескекаяқтылардың бозғы, түбіткер және теңізшер сияқты түрлері түлен тұқымдастарға, ал теңіз қояны, теңізбарыс, теңіз пілі, каспий итбалығы сияқты түрлері итбалық тұқымдастарға жатады.
Ескекаяқтылардың үшінші тобы - морждар. Бұлар солтүстік жарты шарда мекендейтін ең ірі ескекаяқтылар болып табылады.Морждың салмағы 2 тоннаға дейін жетеді. Олар ескекаяғын таянып жүре алады, бірақ құлақ қалқандары болмайды. Морж су түбіндегі құрттарды, бунақденелілерді және шаянтәрізділерді жейді; ол қорегін үстіңгі жақсүйегінен өсіп шыққан екі ұзын сойдақ тістерімен қазып алады.[2][3]
Қоректері
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Итбалықтар әр түрлі балықтар мен шаянтәрізділермен қоректенеді. Кейбіреулері сегізаяқтар мен кальмарларды да қорек етуі мүмкін. Теңіз қабыланы секілді алып жыртқыш итбалықтар пингвин және басқа да теңіз құстарына шабуыл жасайды. Теңіз арыстандары мен сойдақтістілер кей кездері басқа да теңіз арыстандарын өлтіруі мүмкін.
Дереккөздер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- ↑ Орысша-қазақша түсіндірме сөздік: Биология / Жалпы редакциясын басқарған профессор Е. Арын – Павлодар: 2007 - 1028 б. ISBN 9965-08-286-3
- ↑ Қазақ энцклопедиясы
- ↑ Қ.Қайым,Б.Муханов,Р.Сәтімбекұлы,М.Шаймарданқызы, "Жануартану"(1998), 248 б., ISBN 5-625-03599-7
Ортаққорда бұған қатысты медиа файлдар бар: Category:Pinnipedia |