Залал
Залал, құқықта – азаматтық құқық бойынша бір жеке не заңды тұлғаға екінші бір жеке не заңды тұлғаның құқыққа қарсы әрекетімен келтірген ақшалай зияны.
Залал келтіру сипатына қарай бірнеше түрге бөлінеді:
- нақты Залал, яки құқығы бұзылған тұлға бұзылған құқығын қалпына келтіру үшін жұмсаған немесе жұмсауға тиіс шығын, оның мүлкінен айрылуы немесе мүлкінің бүлінуі;
- пайдадан қағылу, яки азаматтық айналымның кәдуілгі жағдайында жеке не заңды тұлғаның алуы мүмкін, бірақ өзінің құқығы бұзылуы салдарынан алынбай қалған табысы.
Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексі бойынша құқығы бұзылған жеке не заңды тұлға, заңда немесе шартта көзделген болса, өзіне келтірілген Залалдың толық өтелуін талап ете алады.
Мемлекеттік билік органдырының, өзге мемлекет органның немесе жергілікті өзін-өзі басқару органының заңнамаға сай келмейтін акт шығаруы салдарынан, сондай-ақ, осы органдардың лауазымды адамдарының әрекетімен (әрекетсіздігімен) азаматқа немесе заңды тұлғаға келтірілген Залалдарды мемлекет немесе жергілікті мемлекет. Органдар өтеуге тиіс;
- Экономикада – шығын мен шығасының табыстан (пайдадан) асып түсуі, кәсіпорынға не жеке тұлғаға олардың өздеріне қатысы бар немесе қатысы жоқ себептермен келтірілген зиян.
Әдетте, үнемдеу тәртібінің, шарттық міндеттемелердің бұзылуынан, шаруашылықтық қызметтердегі кемшіліктерден, басқа да себептерден туындайды. Залал өндірістік-шаруашылық қызметтің ақырғы қаржы нәтижелері ретіндегі бухгалтерлік баланс бойынша және жекелеген операциялар мен жұмыс телімдері бойынша айқындалады.
Залалдың бір бөлігі – айыппұлдар, өсімпұлдар, тұрақсыздық айыптары, ақаулы өнім шығарудан және қаңтарылып бос тұрудан болатын шығасылар өнімнің өзіндік құнына кіреді. Олардың кейбіреулері – қоршаған ортаны қорғау талаптарын сақтамағаны, табиғат ресурстарын белгіленген лимиттен тыс пайдаланғаны, пайданы жасырғаны үшін салынған айыппұлдар, бюджетке төленуге тиіс басқа да айыппұлдар мен санкциялар кәсіпорынның қарамағында қалған пайда есебінен өтеледі.
Келісімшарт талаптарын бұзған тарап контрагентке осы бұзудан келтірілген Залалдың орнын толтыруға міндетті. Зардап шегуші тарап келісімшарттың бұзылуынан туындаған зардаптарды көкейге қонымды тәсілдермен азайтуға тырысуы тиіс.
Мұндай қағида нарықтық экономикасы дамыған елдерде, атап айтқанда, Америка мен Ұлыбританияда қолданылады; ал Германияда, мысалы, келісімшарт қасақана бұзылса, ықтимал болжалды Залалдың қандай мөлшерде болатынына қарамастан, барлық нақты Залалдың міндетті түрде өтелуі талап етіледі. Қазақстанда да осы соңғы үлгі қолданылады.[1][2]
Дереккөздер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- ↑ "Қазақ Энциклопедиясы", 4 том 3 бөлім
- ↑ Орысша-қазақша заңдық түсіндірме сөздік-анықтамалық. — Алматы: «Жеті жарғы» баспасы, 2008 жыл. ISBN 9965-11-274-6
Бұл мақаланы Уикипедия сапа талаптарына лайықты болуы үшін уикилендіру қажет. |
Бұл мақалада еш сурет жоқ.
Мақаланы жетілдіру үшін қажетті суретті енгізіп көмек беріңіз. Суретті қосқаннан кейін бұл үлгіні мақаладан аластаңыз.
|