Мазмұнға өту

Көкпар

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Қыстыгүні ойналып жатқан көкпар

Көкпар (көпқар) – аттылы адамдардың сойылған ешкіні тартысып ойнайтын ойын түрі.

Ойын атауының шығуы

Ойынның және оның атауының шығу төркіні туралы алуан түрлі пікірлер бар. Атаудың негізгі төркіні “көп қарбалас” тіркесінен шыққан. Көп қарбалас сөзі көпқар сөзіне қысқарып, айтылу ыңғайына қарай көкпар болып өзгеріп кеткен. Қазақ халқымен тамырлас, Алтын Орда заманынан Керей-Жәнібек заманына дейін бір ел болған өзбек халқында бұл ойын купкари деп аталады. Қазақша дыбысталуға ыңғайлағанда көпқари, яғни көпқар атауына өте жақын. Алғашқылардың қатарында пікір айтқандардың бірі Л.Н. Ермоленко ойынды қасқыр тотемімен байланыстыра келе, көкпар тартушы ойыншылардың өзін қасқыр деп қарастырады. Осы орайда, Ә. Қалиұлының төмендегідей ден қоярлық пікір айтады: «Біздегі қазіргі көкпар тарту әуелде әлеуметтік мәні бар әскери машықтың қажетінен туған. Түрік қағандығы кезіндегі «дербес бөрі жасақ» дегеніміз осындай жаттығудан өтіп сығайланған батырлар тобы еді. Әскер тәрбиелеудің осындай әдісі келе-келе көкпар тарту спортына ұласып, халықтық рең алып кеткен». Б.Х. Кармышева мен С.П. Толстов сынды Орталық Азияның археологиясы мен этнографиясын терең зерттеген ғалымдар болса «басында ешкіні емес, керісінше қасқырды тартқан» деген пікір айтты. Осыған ұқсас пікірді көрнекті этнограф Г.Н. Симаков та білдірді: «Қазақтар ілкі замандарда аңшылық кезінде соғып алған қасқырды ауылға жеткенше тартып, сайысып, жеңісін әйгілеп келеді».

Дәстүрлі көкпар - мақсаты мен өтуі

Көкпар. ОМЭЭ – материалдарынан. Жамбыл облысы, 2009 ж.

Көкпар үлкенді-кішілі той-мерекенің барлығында өткізіледі. Тек қуанышты сәттерге байланысты өткізілетін ғұрыптық ойын болғандықтан, ас беру сияқты ұлы жиын кезінде көкпар тартылмайды. Көшпелілер өмірінде көкпардың мақсаты жігіттерді шынықтыру, батылдыққа, ептілік пен қажырлылыққа, ұйымшылдыққа тәрбиелеу және осы арқылы әскери өнерге баулу болған. Мұндай ойындар қатарына сайыс ойынын жатқызуға болады. Қазақы ортада көкпар – ойынның қызығы, тойдың тұздығы, жігіттің сыны, елдің намысы болып саналған.
Көкпар тарту үшін тек қана ешкі түлігі (серкеш, лақ) беріледі және ойынның атына сай тартылатын малдың түсі де көбінесе көктен таңдалды. Осыған байланысты кейбір өңірлерде аталмыш ойынды "көклақ", "көксерке" деп атау кездеседі. Ысылмаған балаң жігіттер лақ тартып жаттықса, той-томалақта неғұрлым үлкен серке берілетін болған. Ал балалар көк түсті теріні тартқан. Ел арасында тартылған малға сәйкес "лақ көкпар", "серке көкпар" деген атаулар да кездеседі.

Көкпар атын дайындау

Көкпар атына дене мығым, қозғалысы жылдам да жүйрік, қызбалығы бар елгезек, үрікпейтін, мүмкіндігінше иесінің ыңғайын білетін текті ат таңдалады. Мінезі шәлкес, үркек аттар жарамайды. Көкпар атын жарыстан бұрын арнайы жаратады. Өйткені тым семіз және тым арық аттар да көкпарға жарамайды. Ат додаға түскенде бауырына, басына, сауырына қарай ауып, көкпарды ілген кезде үрікпейтіндей етіп әбден үйретіледі. Күн райы (жердің тоңдануы, мұз қатуы, балшықтануы) мен жер жағдайына (тастақ, сазды) сәйкес көкпарға түсер алдында аттың төрт аяғын тағалайды.

Көкпар ойынына дайындық

Көкпарға арналған ешкіні негізінен тойдың иелері мен алдыңғы көкпар тасталған үйшығарады. Той-томалақта көкпар тартуға мүмкіндік болмағанда ешкіні кейінірек беруге міндеттенеді.
Көкпар тартылатын орын ретінде ауылдан тысқары, ойлы-шұңқыры жоқ жазық алаңқай таңдалады. Аттар аяғын тығып алмау үшін індердің жоқ болуы да ескеріледі.
Көкпарға тартылатын ешкіні бата жасап бауыздап, ішек-қарнын, бас-сирақтарын алып тастайды. Содан кейін бауыздауын және ішін тігеді. Дегенмен, ел арасында ешкінің ішіне толтыра су құйып, өңешін буыт тастайтындығы туралы да әңгімелер де кездеседі. Шамасы, бұл жігіттердің қажыр-қайратын арттыра түсі үшін жасалатын болса керек.

Көкпар ойынының барысы

Көкпар әр аймақта түрліше кездеседі және ережелері ойын басталар алдында алдын ала келісілуі мүмкін. Ертеде көкпарға қатысты нақты ережелер болмаған. Ең басты қағида – жігіттер өзінің және атының күштілігімен, ептілігімен, қажырлылығымен, жылдамдығымен, ұйымшылдығымен серкені өзгелерден тартып әкетуі тиіс болған. Ол үшін серке ортаға тасталғаннан кейін жігіттер лап қойып, бұрын жеткені ат үстінен еңкейіп, серкені іліп алады да өңгере қашады. Ал өзгелері оған жармасып, тартып алуға бар күштерін салады. Мұндай тартыс әдетте бірнеше сағатқа созылады. Тартыс кезінде серкені алып сытылып шыққан адам басқаларға жеткізбей немесе адастырып кете алады. Мұндай тартыста адамдар топтарға бірігіп, өзара көмектесіп те отырған. Көкпарда жігіттер ауыл, ата, румен де топтасуы мүмкін. Топтасқан жігіттер бір-біріне ешкіні тартып алуға, өзгелерді ығыстырып тастауға, ешкіні тақымға басқан жақтасының атын жетектеп алып шығуға көмектескен.
Көкпаршылардың бірі серкені топтан тартып алып шығады да, әдейі шетте тұрған жүйрік аттылы бір жақтас жігітке өңгеріп береді. Ол тың әрі жүйрік атымен өзгелерге жеткізбей серкені алып кетеді. Таулы өңірлерде биік жотаның етегіне өршіл аттылы адамды тұрғызып қойып, серкені жеткізіп беретін болған. Өршіл аттар мұндайда жотаға шауып шығып, өзгелерге жеткізбей адастырып кететін. Яғни, көкпарда жеңіске жету үшін епті, әрі қайратты жігіттер мен белді, жүйрік аттар ғана емес, асқан ұйымшылдық та қажет. Осылайша «көкпар – тартқандікі, қоян – қаққандікі» деп кімдер күшті болса солар серкені иеленіп кететін болған.

Көкпар тастау ғұрпы

Серкені иеленіп кеткен адам немесе топ жеңімпаз деп саналып, абыройлары артқан. Олар серкені өздерінің қалауымен үйлердің біріне апарып тастайды. Көкпар кез келген үйге емес, арнайы таңдалып қана тасталады. Ол ел арасында көкпар тастау деп аталады. Негізінен көкпар тастауға ауылдың жасы мен жолы үлкен ақсақалының, би, батыр, бай, сал-сері, ақын-жырау сияқты беделді адамдарының шаңырағы таңдалған.
Қыз ұзату, келін түсіру тойларында көкпарды той өткізушілер өтінішімен құдалар жағына да әкеліп тастаған. Ол да үлкен құрмет көрсетудің белгісі. Мұнымен қатар таңдалған үй бұған дейін қандай да бір ауыртпалық немесе қиыншылық көрген отбасы болуы мүмкін. Көкпар тастау осы шаңыраққа той-мерекенің жұғысты болуын және жақсылық пен жеңіс тілеу болып саналады.
Кейде біршама уақыт бала көтермеген шаңыраққа тастап, «көгерт, көгерт»деп айғайлайтын да болған. Көкпар тасталған, яғни, жақсылық, қуаныш тілеу ырымы жасалған үйде кешкісін думан жалғастырады. Додаға түскен мал еті ерекше қасиетке ие болады деген сенім бойынша, осы етті жақсылықтың дәмі ретінде ырымдап, онан бәрі ауыз тиюге тырысады. Көкпер тастаудың негізгі мақсаты – тойды қыздыра түсумен қатар, қызған тойдың лебін жоғалтпай кешкісін басқа шаңырақта тойды жалғастыру. Көкпар етін «көптің тақымын көрді, емдік қасиеті бар» деп көкжөтелге қарсы ем ретінде пайдаланды.
Ал серкеден айырылып қалған өзгелер көкпар беруге міндеттенген адамнан немесе түрлі сылтаулармен өзге адамнан серке алып, көкпарды жалғастыруы да мүмкін. Егер кеш батқанша ешкім ұта алмаса ақылдасып сайысты ертесінде жалғастыру үшін серкені үйлердің біріне тастаған. Кейде тартысып жүріп, серкенің қолын, санын бәкілерімен кесіп алып кететін жайттар да ұшырасатын.
Көкпарда адамдар жығылуы, бір-біріне қамшылары тиуі де болады. Серкені тақымға басып тартқанда қарсыластарын атпен сүйретіп кететін кездері де болады. Мұндайда ат пен адамның мертігіп қалатын жағдай ұшырасады. Бірақ, дәстүрлі түсінікте ойын үстінде жараланып қалса немесе өліп кетсе ол «таза» деп есептеліп, кек қуып, құн талап ету жөнсіз саналған.

Көкпар тәртібі

Кейіннен көкпар тартудың алуан түрлі ережелері қалыптасқан. Той жасап жатқан ауылбасы ақсақалы, той басқарушылар көкпар қазыларын сайлайды. Егер дау-жанжал, келіспеушілік бола қалса осы қазылар мен ауыл ақсақалы шешкен. Көкпаршылар ойын басталардан бұрын ойын тәртіптерін келісіп алады. Дүрбелең тартыс кезінде ойыншының құлап, аттардың аяғының астында қалмауын қатаң ескертеді. Көкпарды додадан жермен сүйретіп алып шығуға тыйым салады. Көкпарлы адамның атын жетектеп тартуға болмайды. Баскиімсіз адам көкпарға жіберілмейді. Кейде серкені тақымға басуға немесе ердің басына орау тәсілдерін қолданбауға да келісуі мүмкін. Өйткені мұндай жағдайда көкпарды тартып алу қиынға соғатыны белгілі. Осылайша көкпардың бірнеше түрлері пайда болған. Мәселен, жаппай тарту, ұтысып тарту, дода тарту, айналма көкпар, мәре көкпар, тақым тартыс деген түрлерін атап өтуге болады.
Көкпар тартуға шыққан жігіттер кейде екі топқа бөлінеді және онда адам саны тепе-тең болу міндетті емес болған. Жігіттер өзен-судың екі жағындағылар болып немесе жайлаудың жоғарғы-төменгі жағы деп бөлініседі.
Көкпарды тарту тәртібі: көкпаршылар алаңды айналып тұрады. Қолында көкпары бар төреші оны алаң ортасына тастап, «баста» деп әмір береді. Лап қойған жігіттер лақты бас салады. Ойын шарты бойынша көкпарды жерден іліп қашып қазанға (мәреге) апарып салуға тырысады. Көкпарды бірінші салым, екінші салым және үшінші салым (өгіз өлді) деген бөліктерге бөлген. Бірінші салымға 2-ден 10-ға дейін ұсақ мал тігілген. Екінші салымға бірнеше ұсақ малмен бірге ірі қара мал, өгіз өлдіге кілем жапқан жылқы немесе түйе тіккен. Тігілген малды той өткізушілер көтерген. Көкпаршылардың саны көп болса немесе алыс ауылдан келген жағдайда екі мәреге тастаған.
Кейде ұтушылар қарсыластарының үлкен адамдары тұрған топ алдына әкеліп те тастайды. Сонымен қатар,көкпарды ұтқан топтың маңдай алдысы халық алдына шығып той жасап жатқан ауыл ақсақалынан кімнің үйіне көкпарды тастау керек екенін ишаралап сұраған. Одан соң қолындағы көкпарды көтере ұстап атымен көрсетілген адамның алдына көлденеңдейді.
Көкпарды бір күннің ішінде тартып болу да шарт емес. Бір күнде тартып жеңіспесе ертеңінде қайта жалғастырған. Той жалғасатын болғанда ол күні көкпарды ұтыстырмау жағын қазы, төрешілер де ойластырады.

Көкпар түрлері

Жалпы әр жерде көкпардың түрлі ережелері шағарылып, соған сәйкес көкпар түрлері де пайда болған. Мәселе, солардың ішінде жиірек кездесетіндерін айтып өтуге болады.

  • Жаппай тартуда жеке адамдардың тақымдасып, қол қайратын, тақым күшін, батылдығын, ептілігін толық көрсетуіне мүмкіндік береді. Ойынның бұл түрі кімге болсын: кәрі-жас, үлкен-кішіге шектеу болмайды, жаппай тарту деп аталуы да сондықтан. Мұнда әркім көкпарды өзі иемденуге тырысады.
  • Ұтысып тарту дегеніміз бірі ұтылса екіншісі келіп ұстап тартады. Олар одаққа (топқа) бөлініп, бір-біріне қарай лақтырысып, қарсыластарының осал тұстарын бақылайды. Көкпарды ұстата қойып қайта тартып алу арқылы осал қарсыластарын ұтып, ойыннан шығарып отырады, яғни, санын кемітеді. Осылайша көпшілікке ойын-сауық, тамаша көрсетеді.
  • Айналма көкпар – серкені межелі орынға бірінші болып жеткізу. Белгіленген межеге көкпарды кім бұрын әкелсе, сол жігіт жеңімпаз атанып тиісті сыйлығын алады.
  • Мәре көкпар – екі шеттен мәреге жер белгілеп, серкені әр жақ өз мәресіне апаруға таласатын екі кісі ғана тартатын көкпар түрі.

Осылайша көкпар бүгінгі күнде түрлі ережелермен бекітілген ұлттық спорттық ойын түріне айналып отыр.[1]

Қазіргі заманғы көкпар - ережесі мен өтуі

Көкпар алаңындағы тартыс

Қазақстанда 1949 жылы көкпар жарысының жаңа ережесі бекітілді. Осыған сәйкес көкпар жарысын арнаулы алаңда, командалық сипатта өткізу белгіленді. Ал 1958 жылдан көкпар бәйге алаңдарда (ипподромдарда) өткізіліп келеді.
Алаң көлемі қатысушылар санына байланысты. Егер әр команда 5 адамнан болса, ұзындығы 300 м, ені 100 м, 10 адам болса – 500х200 м, 15 адамнан болса – 700х300 м, 20 адамнан болса – 1000х500 м болады. Алаңның әр бұрышына қызыл жалаушалар ілініп, ал оның екі жағында диаметрі 10 м-лік шеңбер (“отау”) сызылады. Алаң ортасында диаметрі 6 м-лік шеңбердің дәл ортасына көкпар қойылады.
Жарыс басталар сәтте командалар орталық шеңбердің сыртында тұрады. Жарыс алаңындағы төрешінің хабары бойынша басталады. Көкпар тарту қатысушылардың санына байланысты 8 – 15 мин аралығында өтеді.
Көкпаршылардың мақсаты – орталық шеңберде жатқан көкпарды өз командасының “отауына” жеткізу. Көкпар “отауға” жеткізілгеннен кейін, ойын алаң ортасынан қайта басталады. Белгіленген уақыт ішінде қай команда көкпарды өз “отауына” көп жеткізсе, сол жеңіске жетеді.[2][3]

Ойын нұсқалары

Ойын екі нұсқада - классикалық тәжік, кейде (көпіршіде) қазақ командасымен ойнауға болады. Ойынның классикалық нұсқасында әрбір ойыншы әр ойыншымен ойнайды. Жеңімпаз тек басты жүлдені алады.
Командалық ойында барлық қатысушылардың рөлі қатаң бөлінді. Олардың форвардтары, қорғаушылары, командалардың капитаны бар.
Ешкі тек ешкілерге арналған ешкінің қаңқасы пайдаланылмайды, өйткені ешкі терісі өте берік және түрлі бағыттарда ойыншылардың тартқан кезде кернеуіне төтеп береді. Қазіргі заманғы нұсқаларда моделі қолданылуы мүмкін. Шабандоздар ешкілердің қаны үшін күресіп жатыр - бұл оны иемденіп қана қоймай, оны мүмкіндігінше ұзағырақ сақтауға немесе басқа ережелер бойынша белгілі бір сайтқа қол жеткізу үшін, оның ішінде қарсыластар үшін күресуге құқығы жоқ. Бұл күресте аттар ойнайды. Олар арнайы таңдап алынады. Жақсы жылқы қасбеттерге жақындауға кімнің жақсырақ екенін білу үшін, шабандозды алудың оңай болуы, қарсыластың иығына итеріп, бүйіріне соғып, соққыларын, қоршаған ортаны бұзып, жеңіске жеткенде, көрермен алдында әдемі шапалақтап, тіпті тағзым ете алады. Көкпар ережелеріне сәйкес ойынға тек айғырлар мен жылқылар қатысады.

Көкпар – Орталық Азия халықтары арасында кең тараған ойын түрі. Ол қырғыз тілінде "көк бөрү", “улак тартыш (тартуу)”, тәжік тілінде “бузкаши” деп аталады. Көкпар тарту сияқты ұлттық ат спорты ойындары басқа да Шығыс елдерінде де бар. Ауғанстанда кең тараған бузавиш ойыны көкпарға өте ұқсас. Сондай-ақ, Аргентина халқының да көкпарға ұқсас ат спорты ойыны болған.

Дереккөздер

  1. ҚАЗАҚТЫҢ ЭТНОГРАФИЯЛЫҚ КАТЕГОРИЯЛАР, ҰҒЫМДАР МЕН АТАУЛАРЫНЫҢ ДӘСТҮРЛI ЖҮЙЕСI. Энциклопедия. – Алматы: РПК “СЛОН”, 2012. – (илл.) ISBN 978-601-7026-17-23-том: К – Қ – 736 бет.ISBN 978-601-7026-21-9
  2. «Қазақстан»: Ұлттық энциклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 жыл. ISBN 5-89800-123-9
  3. Қазақстан - спортшылар елі. Энциклопедиялық анықтамалық. - Алматы: "Сөздік-Словарь". ISBN 9965-822-57-3

Әдебиеттер

  • Гродеков Н.И. Киргизы и каракиргизы Сыр-Дарьинской области. Т.1. Юридический быт. Ташкент: Типо-Литография С.И. Лахтина, 1889;
  • Калмаков Н. Некоторые семейные обычаи киргизов северных уездов Сыр-Дарьинской области. Кауфманский сборник, изданный в память 25-ти лет, истекших со дня смерти покорителя и устроителя Туркестанского края генерал адъютанта К.П. фон-Кауфмана 1-го. М., 1910. С.221-228;
  • Нұржекеев Б. Қазақтың кейбір ұлттық ойындары. Алматы, 1971;
  • Симаков Г.Н. Общей функций киргизских народных развлечении;
  • Мұқанов С. Халық мұрасы (тарихи-этнографиялық шолу). Алматы: Жазушы 1979;
  • Маргулан А.Х. Мир казахов. Алматы, 1997;
  • Төтенаев Б. Қазақтың ұлттық ойындары. Алматы: Қайнар, 1994;
  • Қанарбаева Б. Қазақтың наным-сенімдері. Алматы: Қағанат-ҚС, 1999;
  • Бопайұлы Б. Қазақ кәдесі. Алматы:Бастау, 2003;
  • Ошанов О. Көкпар. Қазақ халқының дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары. 1-том. Біртұтастығы және ерекшелігі. Құраст.: С.Е. Әжіғали. Алматы: Арыс, 2005. 273-291 бб.;
  • ҚР МОМ – материалдарынан;
  • ОМЭЭ – материалдарынан.