Мазмұнға өту

Пассионарлық

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет

Пассионарлық - [лат. passio - құштарлық, азап шегу] - этнологияға орыс тарихшысы әрі географы Л. Н. Гумилев енгізген ұғым. Гумилев пассионарлықтаң астарында индивидтің мақсатқа талпынысынан көрінетін белсенділігін (көбіне - қияли) және осы мақсатқа жету жолындағы жанкештілігі мен күйзеліске төзімділігін түсінді. Жанкештілік мұнда кеңінен алғанда - ең басты, тіпті, өмірлік маңызды қажеттіліктерден бас тарту, жоғары пассионарлық шиеленісте тіпті үстемдік етуші мақсат болып табылатын әлеуметтік және мінсіз қажеттілік жолында құрбан болып, өмірден де бас тарту. Жалпы, пассионари биологиялық қажеттіліктерден әлеуметтік және идеалдық қажет- тіліктерді басым қоюымен сипатталады. Тарихи-биографиялық әдіс негізінде Л. Н. Гумилев пассионарлықты әртүрлі дәуірлер мен этностарға тән, тұрақты психикалық және мінез-құлықтық белгілер кешені ретінде анықтайды. В. И. Вернадскийдің биогеохимиялық идеяларына сүйене отырып, Гумилев пассионарилерді сыртқы ортадан өзінің жеке қорғанысына қажеттен тыс қуат алуға туа бітті қабілеті бар және осы қуатты қоршаған ортаны өзгерту жолында мақсатты жүмысқа айналдыратын елден ерекше адамдар ретінде қарастырады. Сонымен қатар пассионарилердің айналадағы адамдардың мінез-құлқы мен психикасына белсенді ықпал ететінін айтқан. Адам ұжымдарының белсенділігінің өзгермелілігін этногенез фазалары бойынша зерттей отырып, жекелеген пассионарилердің белгілерін сипаттай келе Л.Н. Гумилев әр дәуірлерде мұндай тұлғалардың пайда болу жиілігі этникалық жүйенің жалпы белсенділігімен байланысты екендігіне тоқталады. Александр Македонский, Ганнибал, Корнелий Сулла, Шыңғысхан, Жанна д'Арк, Ян Гус, Протопоп Аввакум және басқа да тарихи түлғалардың өмірі мен қызметін талдай келе Гумилев белсенді өмірге деген ішкі құлшынысы материалдық құндылықтарды іздеуден де, әлеуметтік ортаның шарттарын таңуынан да тұрмайтын оларды біріктіретін барлығына тән ортақ белгілер кешені бар екенін анықтады. Керісінше, көптеген пассионарилердің жоғары белсенділігі айналасындағылардың айыптауына ұшырап, түсініспеушілігін тудырды, ақыр соңы қазаға да әкелді. Пассионарлықты популяциялық деңгейде (этникалық ұжымдардың белсенділігі ретінде) және индивидуалды деңгейде (мінез- құлық шабыты) сипаттай отырып, Л. Н. Гумилев бұл феноменді түсіндіруде пассионарлыққа теориялық көзқарас ретінде В. И. Вернадский еңбектеріндегі қаралған биосфераның тірі бөлшектерінің қуатының тиімділігі жөніндегі ойын ұсынды.[1]

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. Саяси түсіндірме сөздік. – Алматы, 2007. ISBN 9965-32-491-3