Ракеталық қару
Бұл мақаланы Уикипедия сапа талаптарына лайықты болуы үшін уикилендіру қажет. |
Зымырандық қару — басқарылатын немесе басқарылмайтын ракеталардың көмегімен нысанаға жеткізілетін қырып-жою құралдарының жүйесі. Құрамында ядр., хим. және жай зарядтар, ұшыру қондырғысы, нысанаға дәлдеу құралы, бақылау-ұшыру жабдықтары, зымыранның ұшуын басқару және транспорт құралдары, т.б. қажетті қондырғылары бар. Қарсыласын құрлықта, теңізде және әуеде жоюға арналған бұл қарумен көптеген елдердің қарулы күштері қаруланған.
Зымырандық қарудың негізгі сипаттары: алысқа әрі биік ұшып, аз уақыт ішінде бірнеше мың км жерді артқа тастап жау тылындағы немесе майдандағы қарсыласты талқандауға мүмкіндік беру, жою күші орасан зор жарылғыш зарядтарды нысанаға дәл жеткізуге қабілеттілігі, ұшу траекториясындағы икемділік және жауынгерлік дайындықтың жоғары дәрежелігі. Әскери зымырандарды 1234 жылы Қытайлар алғаш рет монғолдарға қарсы қолданған алайда дәлдігінің төмен болуына байланысты кеңінен қолданылмады көп жағдайда дұшпанды үркіту үшін қолданды. 19 ғ-дың бас кезінде Ресей, т.б. елдерде құрылысы әр түрлі оқ-дәрілі зымырандар жасалып, қару ретінде қабылданды. Зымырандар 1807 — 14 ж. ағылшын-дат соғысында, 1813 ж. Лейпциг және Ватерлоо шайқастарын (1815) мен 1828 — 29 ж. орыс-түрік, 1853 — 56 ж. Қырым, 1877 — 78 ж. орыс-түрік соғыстары кезінде қолданылды. 20 ғ-дың 20 — 30-жылдары кеңес және шет ел ғалымдары зымырандық техниканың жылдам дамуына ықпал етті. 30-жылдары Кеңес Одағында ракеталар (реактивті снарядтар) жасалып, 1939 ж. оны кеңес авиациясы Халкин-Голде болған ұрыста пайдаланды. Сондай-ақ құрлық әскерлері үшін 2-дүниежүз. соғыста кеңінен тараған “Катюша” сияқты көп зарядты қондырғылар жасала бастады.
1942 ж. АҚШ пен Ұлыбританияның, 1943 ж. Германияның әскери-әуе күштері ракеталармен жарақтанды. Германия басқарылатын баллистиктикалық А-4 (ФАУ-2) зымырандарымен соғыс аяқталар сәтте Лондонды атқылаған болатын. Ұшырылу орнына және нысананың тұрған жеріне байланысты зымырандар“жер-жер”, “жер-әуе”, “әуе-жер”, “әуе-әуе” топтарына бөлінеді. Зымырандық қару шешетін міндеттерінің сипатына қарай стратег., оперативті-тактик. және тактик. болып бөлінеді. Стратег. Зымыран стратег. мақсаттағы зым. әскерлер, Әскери Әуе күштері мен Әскери Теңіз флоты жарақтанған. Бұларға ұшу қашықтығы 5500 км-ден асатын зымырандар жатады. Ол жаудың маңызды стратег. нысандарын — ядролық шабуыл құралдарын, әкімш.-саяси және әскери-өнеркәсіп орт-тарын, жау әскерлерінің ірі топтарын жоюға арналған.
Стратегиялық зымырандар жер бетіндегі және шахтадағы орнықты қондырғылардан, транспорт құралдарына орнатылған жылжымалы қондырғылардан, ұшақтардан, сүңгуір қайық және жауынгерлік корабльдерден атылады. Оперативті-тактик. Зымырандық қарумен құрлық әскерлері, Әскери Әуе күштері мен Әскери Теңіз флоты қаруланған, оларға ұшу қашықтығы 50-ден 500 км-ге жететін зымырандар кіреді. Ол жаудың ядролық шабуыл құралдарын, аэродромдарын, т. ж. жүйелерін, жабдықтау ст-ларын, әскерлер шоғырланған ірі пункттерін, оперативті резервтерін жоюға арналған. Тактик. Зымырандық қарумен әскерлердің әр түрі қаруланған. Онда ұшу қашықтығы 50 км-ге жететін өздігінен ұшатын атқылау қондырғылары, танкіге қарсы қолданылатын басқарылатын және басқарылмайтын ракеталар бар. Құрлық әскерлерінің зымырандық қаруы жау нысандарына ядролық соққы беру әрі тактик. аймақта қарапайым құралдармен күйрету мақсатын көздейді.
Танкіге қарсы қолданылатын басқарылатын зымырандар жылжымалы өздігінен жүретін атқылау қондырғыларынан немесе тік ұшақтардан жіберіледі. Басқарылмайтын жарықшақты және танкіге қарсы қолданылатын ракеталар құрлық әскерлерінде, майдандық және армиялық авиац. Қарулы Күштерде болады, олар танкілер мен сауытты нысаналарға, сондай-ақ жаудың жеке құрамдары мен техникасына қарсы қолданылады. Зениттік басқарылатын зымырандар Қарулы Күштердің барлық түрлерінің және Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің негізгі қаруы болып есептеледі. Зымырандық қару шет ел мемлекеттерінің Қарулы Күштерінде, әсіресе Ресей мен АҚШ-та кеңінен дамыған.[1]
Дереккөздер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- ↑ «Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9
Сыртқы сілтемелер
[өңдеу | қайнарын өңдеу] Ортаққорда бұған қатысты медиа санаты бар: Missile |