Мазмұнға өту

Суқараңғы

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Оң көздің суқараңғысы

Суқараңғы (глаукома) – көздің ішкі қысымының жоғары көтерілуінен болатын созылмалы көз ауруы. Гиппократ “glaukosіs”, ал Аристотель “glaukoma” деп атауды ұсынған, аурудың осылай аталуы 19 ғ-дың 60–70 жылдарынан қолданысқа енді. Глаукома – көзден сулы ылғалдың шығуының бұзылуымен, көзішілік қысымның (КІҚ) жоғарылауымен, көру жүйкесінің атрофиясымен және көру қызметінің үдемелі төмендеуімен жүретін аурулар тобы. Этиологиясына қарай туа пайда болған, біріншілік және екіншілік глаукома деп ажыратады. Біріншісі көзден сұйықтықтың ағып шығуына жауапты құрылымдардың дамуындағы ақауларға байланысты болады. Екіншілік глаукома көздің басқа ауруларының салдарынан (жарақаттар, қабыну және т.б) туындайды. Біріншілік глаукома бірінші кезекте көз құрылымындағы кәрілік өзгерістердің қарқындылығымен, сонымен қатар жеке анатомиялық және метаболикалық ерекшеліктерге, тамырлық, жүйкелік және эндокриндік жүйе жағдайына байланысты пайда болады. Әр науқаста барлық патогенді факторлар анықтама бермейді, ал оның кейбір бөліктері ғана анықталады. Біріншілік глаукоманы мультифакторлы ауруларға жатқызады.
Ашық бұрышты және жабық бұрышты глаукомаларды ажыратады. Бірінші жағдайда КІҚ жоғарылауы көздің дренаждық жүйесіндегі өзгерістермен, ал екіншісі – нұрқабық тамыры мен алдыңғы камера бұрышының бөгелуімен немесе гониосинехиялармен байланысты болады.[1]

Көздің ішкі қысымы белгілі бір деңгейде (орталық мөлшері 14 – 16 мм сын. бағ., 26 мм сын. бағ. болса, суқараңғы ауруына шалдығады) көздің ішкі сұйықтығының циркуляциясын реттеп отырады. Көздің қан тамырлары мен оған келетін жүйкелер қызметінің бұзылуынан көз сұйықтығының циркуляциясы нашарлап, көзден жас шығу қиындайды. Соның нәтижесінде сұйықтық жиналып, көз ішілік қысымның жоғарылауына әкеледі. Бұл көздің қалыпты жағдайдағы жұмысын төмендетіп, көздің торлы қабығына келетін жүйкелердің жұмысы бұзылады. Егер дер кезінде емделмесе, адамның көру қабілеті нашарлап, тіпті соқырлыққа да әкелуі мүмкін.

Суқараңғы 40 – 50 жастағы адамдар арасында пайда болады, кей жағдайларда жас балаларда (іштен туа біткен) және жасөспірімдерде кездеседі. Аурудың бастапқы кезеңінде көздің алды тұманданып, жарыққа қарағанда, “кемпірқосақты” көргендей белгілер байқалады. Науқас көз алдындағы затты анық көре алмайды. Бұл белгілер әуелі бір көзде байқалады. Әсіресе, таңертеңгілікте 1 – 3 сағаттай көз, самай және маңдай тұсын бір нәрсе қысып тұрғандай әсер байқалады.

Суқараңғы аяқ астынан да дамуы мүмкін. Бұл кезде бір жақ көз, бас қатты ауырады. Науқастың көзі қызарып, қабағы ісінеді, көру қабілеті төмендейді. Кейде адамның жүрегі айнып, құсады. Аурудың алдын алу үшін 40 жастан асқан адамдар жылына 1 рет көз қысымын тексертіп тұруы қажет. Суқараңғы жұқпалы ауру емес, бірақ тұқым қуалауы мүмкін. Емі: көздің қарашығын тарылтатын дәрілер (пилокарпин, карбахолин, прозерин, демекария бромиді, клофилин (изоглаукон), т.б. қабылдау керек. Режим (8 сағат түнгі ұйқы, дұрыс тамақтану, оқығанда, жазғанда, теледидар көргенде жарықтың дұрыс түсуі, т.б.) қатаң сақталуы қажет. Дәрі-дәрмекпен емдеу көмектеспесе хирургиялық операция жасалады.[2]

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. В.Н.Ярыгина, А.С.Мелентьева. «Руководство по геронтологии и гериатрии», Клиническая гериатрия. Москва, 2008.
  2. «Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9, VIII том