Шығыс Еуропа жазығы
Шығыс Еуропа жазығы | |
Шығыс Еуропа жазығы | |
Сипаттамасы | |
---|---|
Теңiз деңгейiнен биіктігі | 170 м |
Солтүстіктен оңтүстікке дейінгі қашықтық | ~ 2500 км |
Батыстан шығысқа дейінгі қашықтық | ~ 1000 км |
Ауданы | ~ 4000000 км² |
Өзендер | Еділ, Дон, Днепр, Дунай, Висла, Батыс Двина |
Көлдер | Ладога көлі, Онега көлі, Сайма, Маныч-Гудило |
Орналасуы | |
54° с. е. 37° ш. б. / 54° с. е. 37° ш. б. (G) (O) (Я)Координаттар: 54° с. е. 37° ш. б. / 54° с. е. 37° ш. б. (G) (O) (Я) | |
Елдер | Ресей Украина Беларусь Қазақстан Латвия Литва Эстония Финляндия Польша Болгария |
Шығыс Еуропа жазығы Ортаққорда |
Шығыс Еуропа жазығы — Жер шарындағы аса ірі жазықтардың бірі. Қазақстанға оңтүстік-шығыс бөлігі енеді. Жазықтың казақстандық бөлігі Мұғалжар және Үстіртпен, оңтүстігінде Маңғыстаумен шектеседі. Республика аумағындағы Жалпы Сырт қыраты, Каспий маңы ойпаты және Орал алды (Жем) үстірті осы аймақтың құрамына енеді.
Геологиялық құрылысы мен жер бедері
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Бұл аймақ геологиялық дамуы мен тектоникалық құрылымы жөнінен ежелгі Шығыс Еуропа платформасының оңтүстік-шығыс бөлігі болып табылады. Платформа фундаменті архей мен протерозойда қалыптасып, кристалды қатты жыныстарынан қалыптаскан. Оның бетін кейінгі эралардың (палеозой, мезозой, кайнозой) шөгінді жыныстары жапқан. Шығыс Еуропа платформасының қазақстандық бөлігі ұзақ уакыт су астында жатып, біртіндеп көтерілу нәтижесінде қазіргі қалпына келген. Каспий маңындағы бөлігі майысуға көп ұшыраған. Сондықтан мұнда әр түрлі жастағы шөгінді жыныстардың өте қалың кабаты таралған. Ұзақ геологиялық даму кезеңінде әрбір табиғи ауданның өзіне тән жер бедері, топырағы және өсімдік жамылғысы қалыптасқан. Жем үстірті жоғарғы бор дәуірінде, Жалпы Сырт палеогендік теңіздің тартылуынан кейін шегінуінен, ал Каспий маңы ойпаты антропогенде, соңғы мұз басу кезеңінен кейін ғана қазіргі жер бедері калыптасқан. Бұл аймақтың географиялық орнының, жер бедерінің ерекшеліктері, ауа массаларының алмасуы жағдайының ұқсастықтары жалпы солтүстіктен оңтүстікке қарай ылғалдың азая беруі құрғақ континентті климаттың қалыптасуына себепші болған.
Жалпы Сырт
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Жалпы Сырт - Оңтүстік Орал мен Еділ өзенінің аралығында орналасқан кең жазық қырат. Қыраттың жер бедерін Жайық өзеніне оң жақтан келіп құятын Деркөл, Шаған, Елек, Ростошь және т.б. өзендердің арналарымен тілімделген. Қыраттың қазақстандық бөлігі негізінен бірімен-бірі жалғасып жатқан жалдардан тұрады. Ол солтүстіктен (100-150 м) оңтүстікке қарай (60-70 м) еңіс тартып, аласара береді.
Орал алды үстірті
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Орал алды үстірті Каспий маңы ойпаты мен Мұғалжар тауларының аралығын қамтиды. Оның солтүстік-шығыс бөлігі 400-450 м-ге дейін көтерілген. Жем, Қайнар, Сағыз, Ойыл, Елек, Ор, Сарықобда, Үлкенқобда, Бұлдырты, Өлеңті өзендері басын осы жерден алады. Үстірт оңтүстік-батысқа қарай аласарады (100-150 м).
Каспий маңы ойпаты
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Каспий маңы ойпаты Жалпы Сырт қыраты, Орал алды үстірті мен Каспий теңізінің аралығында орналасқан. Ойпаттың солтүстік жағы теңіз деңгейінен жоғары. Ойпат - жекелеген жондар мен өзен бойларында қақ, сорлар, құмды аудандары бар кең жазық дала. Ол палеогеннің аяғында басталған Каспий трансгрессияларының құм аралас сазды шөгінділерінен түзілген. Ойпаттың оңтүстік беті – теңіз деңгейінен төмен жатқан жазық. Бірақ мұнда тұз күмбездері ұшырасады, солтүстік бөлігіне қарағанда тұзды сорлар, қақтар көбірек. Ойпат арқылы Жайық өзені мен оған құятын шағын салалар Деркөл, Көшім, Үлкен Өзен және Кіші Өзен, Шежін бірінші және екінші Шежін, Шідерті, Жымпиты, қалдығайты жәнө т.б. ағып өтеді. Олардың біразы жазда тартылып, бөлек-бөлек көлшіктер мен қарасуларға айналады. Сонымен бірге ойпатта Шалқар, Балықты, Аралсор, Бесоба сияқты көлдер де бар.
Каспий маңы ойпаты бергі дәуірдің өзінде теңіз табаны болған. XIX ғасырдың 70-жылдарының өзінде Доссор мен Мақат мұнай кеніштері орналасқан Тентек соры су астында жатқан. Қайдақ, Комсомол шығанақтары судан XIX ғасырдың 30-жылдары ғана босаған. Теңіз табаны судан біртіндеп босап, құрғап ойпатқа айналған. Жер асты сулары тұщыланған. Ойпаттың қазіргі жер бедерінің пішіні, топырағы мен өсімдік жамылғысы қалыптасқан. Алайда ойпаттың климатының құрғақтығы өсімдіктер дүниесінің дамуына кері әсерін тигізуде.
Каспий маңы ойпатының оңтүстігінде 60 мың км² жерді алып жаткан құмды аймақ (Қарақұм) бар. Бұл өлкенің жастығына қарамай, жел жер бетін құрғатып, өсімдігі сирек кездесетін шөлге айналдырған. Ондағы құм төбелерді бар төбешіктері деп атайды. Және төбешіктер ұйырғы болады.
Пайдалы қазбалары
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Каспий маңы ойпатының негізгі байлығы - мұнай мен газ. Олар жер қабаттарындағы тұзды күмбездердің көтерілуіне байланысты пайда болған жарықшақтарға жиналған. Пермь, триас, юра, бор және палеоген қабаттарында сақталған. Қазір бұл ауданда Теңіз, Қарашығанақ, Жаңажол сияқты мұнай мен газ кен орындары жұмыс істейді. Пайдалы казбалардан ас тұзы, бор, құрылыс материалдары (құм, саз балшық және т.б.) өндіріледі.
Климаты
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Шығыс Еуропа жазығының климаты, жоғарыда айтылғандай, құрғақ, континентті. Оған бұл ауданның мұхиттар мен теңіздерден алыс жатуы себеп болады. Қысы суық, қаңтардың орташа температурасы солтүстігінде -15°С, оңтүстігінде -8°С. Сібір мен Арктикадан суық ауа енген кезде температура -40°С-қа дейін төмендейді. Көктемде, күзде үсік жүріп тұрады. Жазы ыстық, қапырық, шілденің орташа температурасы 22°-24°С. Аңызақ желдер жиі соғады. Жауын-шашынның орташа мөлшері солтүстікте 350 мм, оңтүстікте 140 мм.
Өзендері мен көлдері
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Қазақстан аумағындағы Шығыс Еуропа жазығының ірі өзендері - Жайық, Ойыл, Жем. Жайық өзені Орал тауының оңтүстік беткейінен басталып, Каспий маңы ойпатына ағып шыққан соң, кең арналы өзенге айналады. Ені 300-500 м шамасында. Көктемде су тасыған кезде ондаған км-ге жайылып, кең жайылымдар мен ұсақ көлдер пайда болады. Өзен бойында тоғайлар, жайылмасында шабындық өседі. Өзен суын каналдар арқылы егістік пен жайылымдарды суландыруға пайдаланады.
Ойыл (ұзындығы 800 км) - Жайық өзенінің бір саласы. Ол да Орал тауынан басталып, Жайыққа құйған. Кейінгі жылдары шаруашылыққа суын көбірек пайдаланудан жазда арнасы құрғап, Жайыққа жетпей қалып жүр. Негізінен, қар суымен қоректенеді. Суы егістікке, жайылымға пайдаланылады.
Жем өзені (ұзындығы 712 м) - Мұғалжар тауының батыс беткейінен бастау алады. Каспий теңізіне құяды. Соңғы жылдары ол да теңізге 50-60 км жетпей тартылып калады. Қар суымен қоректенеді.
Көлдердің ең үлкені - Каспий теңізі. Ол аумағының үлкендігіне байланысты теңіз деп аталады. Жер шарындағы ең үлкен тұйық көл. Қазақстанға көлдің солтүстігі мен солтүстік-шығыс бөлігі кіреді. Негізінен өзендер суымен қоректенеді. Қыста қатады. Бағалы балыққа бай. [1]
Дереккөздер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- ↑ Қазақстанньң физикалық географиясы, Алматы: Атамұра, 2008. ISBN 9965-34-809-Х