Мазмұнға өту

Эрозия

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет

Эрозия (лат. еrosіo – мүжілу), геологиядатау жыныстары мен топырақ бетін аққан судың шаюы. Шайылу және ұсақ түйірлердің тасымалдану қарқыны тау жыныстарының қаттылығына, топырақ қабаттарының жатыс бағытына, су ағынының жылдамдығына және мүжілу нәтижесінде пайда болған массаның ірілі-ұсақтығына байланысты. Эрозиялық құбылыстың дамуына сол жердің топырақ-өсімдік жамылғысы және геологиялық құрылысы да әсер етеді. Эрозия жер бедерін қалыптастырушы факторлардың бірі. Түзілген жербедер пішіндеріне байланысты беткі эрозияға (ағын өткен жер беті ой-шұңқырлары тегістеледі) және тілімдеу эрозиясына (жер беті сай-жыраларға тілімделеді) ажыратылады. Беткі эрозия аңғар және арнаның бүйірлері бұзылып, ағынның жайылуынан, ал тілімдеу эрозиясы ағын арнасының тереңдеуінен қалыптасады. Демек, эрозиялық бедер пішіндері – бүйірлік және тереңдік эрозиялардың нәтижелері. Кейбір ғылыми әдебиетте “эрозия” термині негізінен мұздық, жел және теңіз толқыны әрекетін сипаттағанда жиі қолданылады. Эрозия құбылысына қарсы күресу жолдары – табиғатты қорғаудың басты шараларының бірі болып табылады. Сонымен қатар эрозияның қалыпты (табиғи) және жеделдетілген (табиғи ортаны дұрыс пайдаланбау салдарынан) түрлері болады; қ. Топырақ эрозиясы. Ә. Байбатша[1]

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. «Қазақстан»: Ұлттық энциклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9, X том