Мазмұнға өту

Қалқан (қорғаныс жарағы)

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
 Басқа мағыналар үшін Қалқан деген бетті қараңыз.
Қалқан. ҚР ҰМ қорынан. Жалпақ темір пластиналардың сыртқы және ішкі жақтарына мыс жалатылған. Қалқанның орта тұсында кішілеу келген төрт домалақ күмбезшелер шаршы тәрізді орнатылған. Сыртқы жағы алтын қақтау әдісі арқылы ойыстырылып әшекейленген. Арабы өрнегі ескі қолжазба жазуымен өріліп жазылып, көгеріс өрнекті қалыптастырады. Диаметрі 47 см.

Қалқан – жаудың қаруынан қорғану үшiн қолға ұстап қолданылатын қорғаныс жарағы. Бұл қорғаныс жабдығының атауында оның қолдану ерекшелiгi – дененi қалқалап қорғану әдiсi көрiнiс тапқан.

Қолданысы мен пішіндері

Қалқан қорғаныс жарағы ретінде көшпелі халықтарда б.з. дейінгі I-мыңжылдықтан қолданыла бастады. Көне көшпелiлер жауынгерлерiнiң қалқандары ағаштан, терiден, металдан жасалды. Көшпелi жауынгердiң қалқаны қашанда жеңiл және шағын болды. Сақ жауынгерлерiнiң қалқандары төртбұрышты формалы болып, ағаш тақтайдан немесе тал шыбықтарын терiнің арасына өріп жасалды. Түркі заманындағы қалқандар ағаштан дөңгелек жалпақ формалы болып жасалып, жиектері металл құрсаумен бекітіліп, бетіне металл күмбезшелер орнатылды. Кейде қалқанның сырты терімен қапталып, бетіне өрнектер, суреттер салынды. Орта ғасырдың аяғынан бастап көшпелi түркi-монғол халықтарында негiзiнен дөңгелек конус немесе дөңес формалы қалқан қолданысқа енді. Бұл қалқандар талдан өріліп, бiрнеше қабат терiден сомдалып және металдан соғылып жасалған. Орта ғасырларда түркі халықтарында атты жауынгер қолданатын жеңіл қалқандармен бірге, әскери лагерьлерді қорғауда, бекіністерге шабуыл жасағанда қолданылатын ағаш тақтайдан, талдан жасалған «тура», «чапар» деп аталатын үлкен қалқандар да пайдаланылды.

Қазақ жауынгерлерiнiң қалқаны

Қазақ жауынгерлерiнiң қалқаны – жалпы көшпелiлерге тән, салт атты жауынгерлерге арналған шағын да жеңiл қалқан түрi болды. Қазақтар қалқанды жауынгерлік жарақ ретінде XIX ғасырдың ортасына дейін қолданып келді. Қазақтар қолданған қалқан түрлерi – терiден сомдалып және болат темiрден соғылып жасалған қалқандар. Қалқанның іш жағында металл ілгектерге қолға ұстайтын және иыққа асып алып жүруге арналған қайысбауы байланды, орта тұсында, қолға жұмсақ болу үшін мақта салынған жастықшасы бекітілді.

  • Терi қалқандар бiрнеше қабат терiден дөңес болып сомдалып жасалды да, жиектері металл құрсаумен күшейтiліп, сыртқы бетінде, қайысбаулардың iлгектерi бекiтiлген тұсында, олардың шегелерін жауып тұртын төрт орташа және сегiз кiшкене күмбезшелерi орналасты.
  • Болат темiрден соғылып жасалған қалқан түрi «болат қалқан» деп аталды. Болат қалқандардың да формасы, конструктивтік элементтері тері қалқандікіндей болды. Болат қалқанның беттері, күмбезшелері қырнау, қақтау, булау әдістерімен оюланып, алтындалып әшекейлендi, магиялық мақсатта Құраннан аяттар жазылды. Қазақ қалқандарының диаметрi әдетте 50-60 см болып келеді, бұл ат үстінде қолдануға ыңғайлы көлем болатын, бірақ музейлік қорларда кейде одан үлкен қалқандар да кездеседі.

Қалқанмен қорғану әдісі

Көшпелі жауынгерлерінің қалқанды ұстау әдісі.

Көшпелi халықтарда жауынгерлер қалқанды ұрыста арнаулы екi қайысбау арқылы қолға көлденең орналастыра, жұдырықта ұстаған. Бұлай ұстау әдiсi көшпелiлерде сақ-скиф заманынан қолданыла бастады. Бұл әдiс жауынгерге қалқанмен қорғануда еркiн қимыл жасауға мүмкiндiк бердi және оның қорғаныс өрiсi өте үлкен болып, жоғарыдан, төменнен, алдан, арттан, оңнан және солдан тиетiн соққылардың бәрiнен бiрдей жеңiл қорғануға болатын. Қалқанның дөңес формасы да қарсыластың қаруын қалқан бетiнен тайдырып, соққыны қатты күш салмай жеңiл қағуға мүмкiндiк бердi. Көшпелілер қалқандары қарудың соққысын тура қабылдамай, оны тайдыру арқылы қолданылатындықтан қалқандардың көлемін үлкен қылмай, оны жасауға жеңіл материалдарды қолдануға мүмкіндік берді.
Әдетте қалқан арнаулы қайысбаулары арқылы иыққа асылып алынады. Көшпелiлердiң әскери тактикасында қарсыласты әскери шептi тастап шығару үшiн немесе қорғанушыларды қамалдан шығарып жасырын тосқауылдарға алып келу мақсатымен жалған шегiну, өтiрiк қашудың түрлi әдiстерi қолданылған. Мұндай жағдайда жауынгерлер қалқанды арқаға iлу арқылы басты, мойынды, арқаны жаудың қаруынан қорғаған. Бұл әдiс фольклорлық деректерде «басына қалқан төңкеру» деп аталады.

Символдық мәні

Қалқанға жауынгердің дәрежесін, әлеуметтік статусын, тегін көрсететін символдық белгілер, қарудан, зұлым күштен сақтайтын магиялық бейнелер салынған. Сондықтан, қалқан батыс елдерінде символдық айыру белгілер салынатын гербтің басты бөлігі болды.
Көшпелі мемлекеттерде қалқан мемлекеттік билік атрибуттары болған институционалдық мәнді бұйымдардың құрамына кірген. Жоғарғы мемлекеттік билік белгілерінің құрамында қалқан әміршінің елдің қауіпсіздігін сақтау, дінді қорғау функциясын символдады. Мемлекеттік билік атрибуты болған басқа қарулармен бірге қалқанды ұстап жүруге арнаулы адамдар – қару ұстаушылар («қорчи») тағайындалған. Әртүрлі мемлекетаралық қатынастарда елшілік сыйлардың құрамында қолданылғанда қалқанның осы символдық мәні ескеріліп отырды.
Қалқанның елдің, адамның қауіпсіздігін сақтауды білдіретін символдық мәні «елге қалқан болу» деген фразеологиялық сөз тіркесінде көрініс тапқан. Қорғау функциясын символдайтын мәніне байланысты қалқанның бейнелері бүгінде де елдің қауіпсіздігін қорғау қызметін атқаратын мемлекеттік құрылымдардың символдық белгісі ретінде қолданылады.
Маңызды жауынгерлік жабдық, қымбат мүлік ретінде сауыт, қалқан XIX ғасырдың ортасына дейiн қазақтарда ұзатылған қыздың жасауының, құдалықта берілетін киіттің, бәйгеге берілетін жүлденің iшiне де бағалы сый ретiнде кiрген.
Қалқанның символдық мәні оны магиялық болжау ырымында қолдануға негіз болды. Қазақтарда қолбасшы шайқас алдында қалқанның үстінде асық тастап, асықтың түсуіне қарап айқастың нәтижесіне, қауіпсіздігіне болжау жасаған.[1]

Дереккөздер

  1. ҚАЗАҚТЫҢ ЭТНОГРАФИЯЛЫҚ КАТЕГОРИЯЛАР, ҰҒЫМДАР МЕН АТАУЛАРЫНЫҢ ДӘСТҮРЛI ЖҮЙЕСI. Энциклопедия. – Алматы: РПК “СЛОН”, 2012. – (илл.) ISBN 978-601-7026-17-23-том: К – Қ – 736 бет.ISBN 978-601-7026-21-9

Әдебиеттер

  • Базаров Б.В., Ням-Осор Н. Из истории символики и атрибутики монгольской государственности. Этнографическое обозрение. 2003;
  • Казахи. – Алматы: Казахстан, 1995;
  • Кайдаров А.Г. Доспехи и вооружение воина-батыра в казахском эпосе и их этно-лингвистическое объяснение. Известия АН Каз ССР. Серия общественная. - 1973. № 6;
  • О туземном оружии в туркестанском крае. Русский туркестан: Сборник. – 1872. Вып. 2;
  • Прошлое Казахстана в источниках и материалах. Под ред. проф. Асфендиярова С.Д. и проф. Кунте П.А. – 2-е издание. - Алматы: Қазақстан, 1997. - Сб. 1: (V в. до н.э.-XVII в.н.э);
  • Традиционное мировоззрение тюрков Южной Сибири. Знак и ритуал. – Новосибирск: Наука, 1990;
  • ҚР МОМ – материалдарынан;
  • ОМЭЭ – материалдарынан.