Мазмұнға өту

Бәйтерек (монумент)

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Бәйтерек
Жалпы мәлімет
Орналасуы

 Қазақстан, Астана

Құрылысы басталды

30 тамыз 2002

Биіктігі
Антеннаның төбесі

105 м

Шатыры

97 м

Техникалық сипаттамасы
Лифтілер

2

Дизайны мен құрылымы
Сәулетшісі

Ақмырза Исаұлы Рүстембеков

Инженер-құрылысшы

М.Вахштейн

Картада орналасуы
Бәйтерек (Қазақстан)
Бәйтерек

Координаттар: 51°07′41″ с. е. 71°25′49″ ш. б. / 51.128250° с. е. 71.430472° ш. б. / 51.128250; 71.430472 (G) (O) (Я)

Түндегі Бәйтерек

БәйтерекАстана қаласындағы сәулет құрылыс кешені, сәулет өнерінің бірегей туындысы. Елорданың ең көрнекті ғимараттарының бірі.

Техникалық сипаттамасы

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Металлдан, әйнек пен бетоннан жасалған бұл «терек» сәулеттік мағынасы жағынан да, жасалуы жағынан да бірегей: биіктігі 105 метрлік металл құрамасынан, салмағы 1000 тоннадан жоғары бес жүзге жуық қададан тұрады. Есіл өзенінің сол жағалауында бой көтерген зәулім «Бәйтеректің» биіктігі 97 м (Астана қаласының елорда статусына ие болған жылға байланысты таңдалған), диаметрі 27 м; негізгі есікке бастайтын әшекейлі темірбетон саты жер бетінен 4,8 м жоғары орналасқан. Әлемде бірінші рет диаметрі 22 метрлік және салмағы 300 тоннадан тұратын күннің түсуіне қарай түсін өзгертетін «хамелеон» әйнегінен жасалынған шар биіктігі жағынан рекордқа (әлемдегі ең үлкен шардың ең биіке көтерілуі бойынша) ие болды. «Бәйтерек» нысаны үш бөліктен тұрады; жер асты бөлігі ұлттың тамыр жаюы, ал одан кейінгілері өркендеу кезеңдерінің нышандарын білдіреді. Ең жоғарғы жағында «Аялы алақан» композициясы орын тепкен. Одан әрі қосымша түріндегі композиция өз негізінен бөлініп, жер бетіне қалықтап тұрғандай әсерге бөлейді. Ұшар басында алтын шар орналасқан. Арнайы шынылармен әйнектелген «Бәйтерек» күмбезінің салмағы 70 т, ал алтын шардың үстіңгі ауданы 1553 м². Осынау ғаламат шардың панорамалық залынан Астананың кешегі және бүгінгі сәулеті – «ескі» және «жаңа» көрінісін тамашалауға болады. Алтын шар мен ғимараттың негізгі кіре берісі бір-бірімен «оқпан» деп аталатын салмағы 695 т металл құралыммен байланысып, жалғасқан. «Бәйтерек» кешенінде келушілердің демалып, асықпай отырып төңірегін көруге мүмкіндік беретін дәмханасы да бар. Астананың орталығында көкке бой созып тұрған «Бәйтерек» – қазіргі Қазақстанның нышан-символы, қазақ халқының қайта өрлеуі мен түлеуінің, мемлекеттілігінің, биіктік пен тереңдіктің, кеңдіктің белгісі, дархандықтың көрінісі іспетті. Ол елорданың халық көп баратын жерінің бірі.[1]

Символикасы

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Ескерткіш 1997 жылы астананың Алматыдан Ақмолаға көшірілуінің символы ретінде тұрғызылған.

97 метр биіктікте орналасқан «Бәйтеректің» қазақ халқының өміріндегі жаңа кезеңнің нысаны ретіндегі маңызы Елбасының оң қолының ізі бар «Аялы алақан» көркем композициясы арқылы көркемделеді. 1997 жыл – Астананың мемлекеттің жаңа астанасы болып жарияланған жылын және тиісінше ел тарихындағы жаңа бастамасын білдіреді.

Монумент ортасында барлық діндердің бірлігін білдіретін әлемнің 17 дін өкілдерінің қолтаңбасы бар ағаш глобус орналасқан.

«Бәйтерек» өзінің орналасуымен және композициялық құрылымымен ежелгі көшпелілердің космогониялық идеяларын білдіреді. Олардың аңыздары бойынша әлемдердің тоғысқан жерінде Дүниежүзілік өзен ағып жатады. Оның жағасында жерді тамырымен ұстап, тәжімен көкті тіреп тұрған Өмір ағашы – Бәйтерек (қаз. Бәйтерек – «терек», сонымен қатар «тірек, қорғаушы») бой көтереді. Бұл ағаштың тамыры, сәйкесінше, жер асты әлемінде, ағаштың өзі - жерде, ал тәжі - көкте.

Жыл сайын Ағаштың тәжінде киелі құс Самұрық "Күн" атты жұмыртқа салады. Ал ағаштың түбінде мекендейтін Айдаһар осы жұмыртқаны жұтып қояды, бұл символкалық түрде - жаз бен қыстың, күн мен түннің ауысуын, жақсылық пен жамандықтың күресін білдіреді.

«Бәйтерек» - жас, күшті, өсіп келе жатқан ағашты білдіреді, яғни тарихи тамырын сақтап қалған, тірегі берік, болашақтың гүлденуіне ұмтылған мемлекетті сипаттайды.

Қаланың қақ ортасындағы «Бәйтерек» монументінің айналасындағы үлкен саябақ алаңдары үнемі әдеттен тыс іс-шараларға пайдаланылады. 2010 жылы әкімдіктің шақыруымен мұнда Берлиннен келген United Buddy Bears(аюлар достастығы) халықаралық көрмесі ұйымдастырылды. Соның арқасында әлем шеберлерінің қолынан шыққан 125 бірегей өнер туындылары бір-бірімен тату көршілікте көрсетілді.

Монументтің авторлары

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
Бәйтерек монументі. 2018 жыл.

«Бәйтерек» кешенін жобалаушы архитекторлар тобы А.Рүстембеков (топ жетекшісі), С.Базарбаев пен Ж.Айтбалаев, инженер-конструкторы М.Вахштейн, интерьер дизайншысы А.Оспанов; сондай-ақ оның жобасын жасауға “Аэропорт” ААҚ, “ЭМК” ЖШС, “Архфонд” ЖАҚ, Архитекторлар одағы және “Алуа” ЖШС секілді қазақстандық жетекші фирмалардың мамандары қатысты; ал құрылысын “Имсталькон” ААҚ құрылыс компаниясы (бас директоры В.Т. Кананыхин) салды. Оның негізгі идеясы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың эскиз-нобайы негізінде өмірге келді. Ол бейбіт өмір мен келісімге ұмтылған барлық қазақстандықтардың ғұмырлық мұратын білдіреді.

Бұл нысан әлемдік Сәулет өнерінің жоғары талаптарына толығымен жауап береді. Астана қаласында Сәулетшілер одағының халықаралық қауымдастығы өткізген 10-байқауда беделді халықаралық қазылар алқасының шешімімен 2002 жылғы ең таңдаулы жоба және құрылыс ретінде “Бәйтерек” кешеніне Гран-при үздік айырым белгісі берілді.[2]

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. Айбын. Энциклопедия. / Бас ред. Б.Ө.Жақып. - Алматы: «Қазақ энциклопедиясы», 2011. - 880 бет.ISBN 9965-893-73-Х
  2. «Қазақстан»: Ұлттық энциклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 жыл. ISBN 5-89800-123-9, X том
Ортаққорда бұған қатысты медиа файлдар бар: Bayterek