Мазмұнға өту

Канада

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Координаттар: 56°00′00″ с. е. 109°00′00″ б. б. / 56.00000° с. е. 109.00000° б. б. / 56.00000; -109.00000 (G) (O) (Я)
Канада
ағылш. Canada
фр. Canada
Байрақ Елтаңба
Ұран: «A Mari Usque Ad Mare
("Теңізден теңізге дейін")»
Әнұран: «O Canada!» (тыңдау )
Тарихы
Тәуелсіздік күні 1 шілде 1867 жыл (Британдық Солтүстік Америка Актісі)
11 желтоқсан 1931 жыл (Вестминстер статуты)
17 сәуір 1982 жыл (Канада Актісі) (Британ империясынан)
Мемлекеттік құрылымы
Ресми тілдері ағылшын тілі, француз тілі
Елорда Оттава
Ірі қалалары Торонто, Монреаль, Калгари, Оттава, Эдмонтон, Миссиссога, Ванкувер
Үкімет түрі Федерациялық парламенттік конституциялық монархия
Патшасы
Генерал-губернаторы
Премьер-министрі
III Чарльз
Мэри Саймон
Джастин Трюдо
Мемлекеттік діні зайырлы мемлекет
Географиясы
Жер аумағы
• Барлығы
• % су беті
Әлем бойынша 2- орын
9 984 670 км²
8,92
Жұрты
• Сарап (2019)
• Санақ (2016)
Тығыздығы

37 314 442[1] адам (38-)
35 151 728[2] адам
3,92 адам/км² (228-)
Экономикасы
ЖІӨ (АҚТ)
 • Қорытынды (2019)
 • Жан басына шаққанда

1,930 трлн.[3] $ (15-)
51,546[3] $ (20-)
ЖІӨ (номинал)
 • Қорытынды (2019)
 • Жан басына шаққанда

1,820 трлн.[3] $ (10-)
48,601[3] $ (15-)
АДИ (2017) 0,926[4] (өте жоғары) (12-)
Этнохороним канадалықтар, канадалық
Валютасы Канада доллары
(CAD, код 124)
Қосымша мәліметтер
Интернет үйшігі .ca
ISO коды CAD
ХОК коды CAN
Телефон коды +1
Уақыт белдеулері UTC−3:30 — UTC−8:00

Канада (ағылш. Canada [ˈkænədə] Файл жайлы ақпарат тыңдау; фр. Canada [kanadɑ] Файл жайлы ақпарат тыңдау) — Солтүстік Америка құрлығында орналасқан алып мемлекет, жер аумағы бойынша дүние жүзіндегі 2-ең ірі мемлекет (Ресейден кейін). Астанасы – Оттава қаласы. Канада өзінің жерінің кең-байтақтығымен ғана емес, сондай-ақ көптеген арктикалық архипелагты аралдарымен ерекшеленеді. Канаданың жағалауларын Алтант, Тынық және Солтүстік Мұзды мұхиттары шайып жатыр. Көрші елдерінің ең үлкені АҚШ, одан басқа Даниямен (Гренландия аралы) және Франциямен (Сен-Пьер және Микелон аралдары қауымдастығы) көршілес орналасқан. Канаданың АҚШ-пен шектесетін оңтүстік және Аляскадағы солтүстік батыс шекарасының ұзындығы 8893 км. құрайды.

Атауының шығу тарихы

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Ертеректе канада жерінде өмір сүрген аборигендердің ирокездік әулие Лауренция тілінде “KANATA” деген сөз болады. Бұл сөздің мағынасы “қоныс”, “мекен” деген мағынаны білдіреді. Француз саяхатшысы Ж. Картье өзінің еңбегінде «Каната» деген атауды тек қана бір қалашықты атау үшін емес, сол аймақтағы адамдар мекендеген қоныстарды атау үшін қолданады. Сол кезден бастап Канада жері бір атаумен аталды. 1545 жылдан бастап еуропалық кітаптар мен карталарда Канаданы ”Канада” деп атау бастау алады.

XVII ғасырдың басында әулие Лаврентий өзенінің бойы мен Ұлы Көлдердің солтүстік жағалауындағы жерлер “Канада” деп аталған. Британдық отаршылдар келіп, ол жерді Жоғарғы және Төменгі Канада етіп екіге бөліп алады. 1841 жылы екі Канада қайта қосылып, “Канада провинциясы” болып аталады. 1867 жылы Канада жерінде жаңа мемлекет құрылып, бүкіл елді КАНАДА деген ресми атаумен атау жайлы шешім қабылданады. Канада деген сөзбен бірге Доминион деген сөз де қосылып айтылды.

1950 жылға дейін “Канада Доминионы” атауы қолданыста болды. Кейіннен Канада үкіметі Ұлыбританиядан өзінің саяси тәуелсіздігін алғаннан соң ғана “Канада” сөзі қазіргі Канада елінің ресми атауы болып қабылданды. Сол кезден бастап Канада атауы барлық құжаттар мен мемлекетаралық келісім-шарттарда ресми түрде қолданылуда.

Географиялық орналасуы

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Территориясының ауданы 9 984 670 км². Оның ішінде құрлықтың жері 9 093 507 км², сулы жері 891 163 км². Канаданың территориясының басым бөлігі жазықтық болып келеді.

Канада жерінің аумағы бойынша (суларымен қосқанда) әлемде екінші орынды иеленеді және Солтүстік Америка материгінде ең үлкен ел болып табылады. Канада аталған материктің солтүстігін түгелімен алып жатыр деп айтуға болады, тек АҚШ-қа тиесілі Алясканы қоспасақ. Елдің солтүстігіндегі жерлердің көбі Арктикалық аймаққа кіреді. Ол жерлерде үнемі мұз жатады, екі жылдай уақыт бойы температура нөлден төмен болып сақталады.

Канаданың тағы бір географиялық ерекшелігі – әлемдегі ең ұзын жағалау шекара Канадаға тиесілі. Жалпы ұзындығы 202 080 километрге тең жағалаулық шекарасы бар.

Канаданың таулы аймақтары мен жазық жерлері геологикалық жағынан сезімтал келеді. Жер сілкінісі мен вулкандардың атқылауы қалыпты жағдай. Мигер тауларында және Эдзиза тауларында үлкен жанартаулар (вулкандар) орналасқан.

Әкімшілік бөлінісі

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
Канада әкімшілік картасы

Канада 10 провинция мен 3 территориядан тұрады.

Провинциялар конституция бойынша өз құзыреті шегінде жоғарғы билікке ие егеменді әкімшілік бірліктер (Альберта, Британдық Колумбия, Жаңа Шотландия, Квебек, Манитоба, Нью-Брансуик, Ньюфаундленд және Лабрадор, Онтарио, Саскачеван, Ханзада Эдуард Аралы).

Территориялар қарапайым заң бойынша жергілікті әкімшіліктерге кейбір өкілеттіктер беретін Канада Федералды Парламенті тікелей басқаратын әкімшілік бірліктер (Нунавут, Солтүстік-Батыс территориялары, Юкон)

Канаданың жері үлкен болғандықтан бірнеше климаттық белдеулер бар. Мысалы, ең солтүстік аймағы Арктикалық белдеуде орналасса, одан төменгі жерлері Субарктикалық белдеуде орналасқан. Солтүстіктегі аралдарда үнемі қар мен мұз жатады. Ол аймақта тундра табуға болады, ең суық аймақтары да осында. Ал Британдық Колумбия жерінде жаймашуақ жаз (25 to 30 °C), жауынды маусымдар болады. Бұдан бөлек, солтүстікке жақын орналасқан жерлерде алты ай бойы қар жата береді. Ең төменгі температура ретінде тіркелген көрсеткіш -63˚С (Юкон).

Қазіргі кездегі деректер бойынша Канада халқының саны 34 миллионға жеткен.

Этникалық құрамы

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Негізінен, халықтың басым бөлігі иммигранттардың есебінен артып отырған. Канадалық халықтың этникалық құрамы жағынан ағылшындар алғашқы орында (21%), одан кейінгі орындарда француздар (15,8), шотландтықтар (15,2%), ирландиялықтар (13,9%), немістер (10,2%), италиялықтар (5%), қытайлар (3,9%) және украиндар (3,6%). Бұлардан бөлек канадалық аборигендер де бар. Олардың үлес салмағы 3,6% болады.

Канаданың жері ұлан-байтақ болғанымен, халықтың орналасу тығыздығы бойынша ең төменгі көрсеткішке ие елдердің қатарына кіреді. Халықтың орналасу тығыздығының орташа көрсеткіші: 1 км²-ге 3,3 адамнан ғана келеді. Халық көп орналасқан аймақ ретінде Оңтүстік Квебек Сити қаласында және Уинсор қаласында көптеп шоғырланған. Оның себептерінің бірі ретінде бұл аймақтағы түрліше индустрия салаларының дамуын айтуға болады. Осынау аймақ Квебек Сити – Виндсор дәлізі деп аталады. Ол Әулие Лаурентий өзенінің бойы мен Ұлы Көлдерді жағалай орналасқан аймақ.

Әрбір бесінші канадалық азаматтың туған жері Канададан тыс аймақтар екен. Елге келуші шет елдік қоныстанушылардың арасында азиялықтардың саны басым. Канадалықтардың басым бөлігі Христиан дінінің өкілдері. Сонымен бірге ешқандай діни топқа жатпайтын адамдардың да саны аз емес. Ал мұсылмандардың үлесі елдегі халықтың небары екі пайызын құрайды.

Денсаулық сақтау ісі

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

1969 жылы Канадада әрбір 1000 адамға шаққанда баланың тууы, 17,6, адамның өлімі 7,3, тірі туған әрбір баладан өлгені - 19,3. Ел ішінде негізінен жүрек, қан тамыр аурулары, қатерлі ісік, орталық жүйке жүйесінің зақымдануы, туберкулез, менегит сияқты аурулар көбірек таралған. Канаданың солтүстігінде климаты суық. Халқы сирек қоныстанған аудандарда құрқұлақ, психикалық аурулар, туберкулез, бетеге, асқазан, ішек аурулары жиі кездеседі. Өндірістік жарақаттану өте жие болып тұрады.

Экономикасы

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Канада халқының әл-ауқаты жағдайы жағынан әлемдегі ең алдыңғы қатарлы елдердің бірі. Канада әлемнің дамыған “Үлкен жетілік” елдерінің қатарына кіреді, ”Экономикалық әріптестік және даму халықаралық ұйымы”-ның мүшесі болып табылады.

АҚШ-қа қарағанда Канаданың экономикалық "күші" аздап төмендеу. Есесіне, көптеген Батыс Еуропа елдерінен жоғары. Канада әлемдік сауда айналымы жағынан алғашқы ондыққа кіреді. Елдің басты импорттайтын тауарлары АҚШ, Ұлыбритания және Жапония елдеріне тасымалданады. 2008 жылғы Канаданың импорттаған тауарларынан түскен ақшасы $442.9 млрд. Болады.оның ішінде $280.8 млрд. АҚШ-тан, $11.7 млрд. Жапониядан және $11.3 млрд. Қаржы Ұлыбританиядан түскен.

2009 жылғы қазан айындағы деректерге сай, елдегі орташа жұмыссыздық көрсеткіші 8,6% болған.

2008 жылы Канаданың мемлекеттік қарызы Үлкен жетілік елдерінің арасындағы ең төмен көрсеткішті көрсеткен.

Канаданың экономикалық секторын үлкен жетістікке жеткізіп отырған тау-кен өндірісі, мұнай-газ саласы, ауылшаруашық саласы және қызмет көрсету салалары болып саналады. Жұмысшылардың ¾ бөлігі осы қызмет көрсету саласында жұмыспен қамтылған. Бидай мен астық тұқымдас дақылдарды үнемі шет елдерге сатып отырады. Елдің солтүстік аймақтарында ауалшаруашылығы климаттық жағдайларға байланысты дамымаған.

Мырыш пен уран, сондай-ақ, алтын, никель сынды бағалы металлдар Канадада көптеп өндіріледі. Алмаз өндіруден әлемде екінші орын алады.

Оңтүстік Онтарио мен Квебек провинцияларында автокөлік жасау мен әуе және ғарыштық техникалар индустриясы дамыған.

Канаданың төл валютасы – канада доллары (CAD). 5, 10, 20, 50 және 100 долларлық купюралар бар. Монеталары 1, 5, 10, 25 центтік және 1-2 долларлық болып шығарылады.

Торонто қаржы округі — Солтүстік Америкадағы екінші ірі қаржы орталығы, жұмыспен қамту бойынша жаһандық жағынан жетінші орын және Канаданың қаржы индустриясының жүрегі.[5]

Канада жан басына шаққандағы табысы жоғары әлемдегі ең бай елдердің бірі болып табылады және Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымының (ЭЫДҰ) және G7-ге мүше.

Өткен ғасырда өңдеу, тау-кен өнеркәсібі мен қызмет көрсету салаларының өсуі елді негізінен ауыл шаруашылығынан өнеркәсіптік және қалалыққа айналдырды.

Басқа дамыған елдердегі сияқты, Канада экономикасында қызмет көрсететін сектор басым, жұмыс істеп тұрған канадалықтардың шамамен төрттен үш бөлігі жұмыс істейді[6]. 2010 жылы Канадада 39% -ы қызмет көрсету саласында, 10% -ы өнеркәсіп өндірісінде және 1% -ы ауыл шаруашылығында жұмыс істеді (Канада тұрғындарының жалпы санынан). 1960 жылғы Канаданың статистикалық жылнамасында 1940 жылы Канада ауыл шаруашылығындағы бір жұмысшының өзіне және басқа тоғыз адамға орташа есеппен азық-түлік бергені, ал 1960 жылы өзі мен жиырма екі адамға жеткілікті тамақ өндіргені атап көрсетілген. 2010 жылы бір канадалық ауылшаруашылық қызметкері өзін қосқанда 100 адамды тамақтандырды.

Канада өзінің шикізат секторының маңыздылығына байланысты дамыған елдер арасында ерекше болып табылады, онда ағаш кесу және мұнай өнеркәсібі маңызды салалар болып табылады.

Канадада аралас экономика бар; Heritage Foundation индексі бойынша оның экономикалық еркіндігі АҚШ-қа қарағанда төмен, бірақ Батыс Еуропа елдерінің көпшілігіне қарағанда жоғары.

Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін АҚШ-пен экономикалық интеграция айтарлықтай өсті. Бұл жаһандану дәуірінде мәдени және экономикалық автономия туралы алаңдайтын канадалық ұлтшылдардың назарын аударды, ал американдық тауарлар мен американдық медиа өнімдер барлық жерде таралды. 1965 жылғы автомобиль сауда келісімі автомобильдермен және онымен байланысты тауарлармен сауда жасау үшін шекара ашты. 1970 жылдары энергетикалық өзін-өзі қамтамасыз ету және өндірістік секторлардағы шетелдік капитал туралы алаңдаушылық премьер-министр Пьер Трюдоның либералды үкіметін Ұлттық энергетикалық бағдарламаны қабылдауға және шетелдік инвестицияларды бақылау агенттігін құруға мәжбүр етті. 1980 жылы премьер-министр Брайан Малрони Ұлттық энергетикалық бағдарламаны тоқтатып, шетелдік инвестицияларды ынталандыру үшін шетелдік инвестицияларды бақылаушы агенттіктің атауын Investment Canada деп өзгертті. 1988 жылғы Канада мен АҚШ еркін сауда келісімі екі ел арасындағы тарифтерді алып тастады, ал Солтүстік Америка еркін сауда келісімі (NAFTA) еркін сауда аймағын 1990 жылдары Мексикаға дейін кеңейтті. 1990 жылдардың ортасында Жан Кретьен бастаған либералды үкімет бюджеттің жыл сайынғы профицитін бөліп, мемлекеттік қарызды тұрақты түрде төлей бастады.

АҚШ, Канада және Мексика өкілдері 1992 жылы Солтүстік Американың еркін сауда туралы келісіміне (НАФТА) қол қойды

Канада әлемдегі ең ірі ауылшаруашылық өнімдерін жеткізушілердің бірі болып табылады (Дүниежүзілік Банктің деректері бойынша 2012 жылы ел бидай экспорты бойынша әлемде төртінші орынға ие болды — 16,3 млн тонна, құны 5,7 млрд доллар.); Канада прериялары бидай, рапс және басқа дәнді дақылдардың ірі өндірушілерінің қатарына кіреді және бұл саладағы экспорттық саясатты Канада астық комиссиясы анықтайды. Канада мырыш пен уранның ең ірі өндірушісі, сонымен қатар алтын, никель, алюминий және қорғасын сияқты басқа да табиғи ресурстардың көзі болып табылады. Табиғи жағдай ауыл шаруашылығына кедергі келтіретін солтүстік Канададағы көптеген қалалар жақын маңдағы шахталардан немесе ағаш көздерінен тұрады. Өңдеу өнеркәсібі Канадада да дамыған, оның салалары Онтарионың оңтүстігінде (американдық және жапондық зауыттар ұсынатын автомобиль өнеркәсібі) және Квебекте (ұлттық аэроғарыш өнеркәсібі) шоғырланған.

Канада әлемдегі ең көп сауда жасайтын он елдің қатарына кіреді. Негізгі сауда серіктесі — АҚШ. АҚШ-тан кейін Қытай, Мексика, Германия және Жапония. 2014 жылы Канада 523,4 млрд доллардан астам сомаға тауарлар импорттады, оның ішінде АҚШ-тан 349,8 млрд долларға, Қытайдан 35,5 млрд долларға, Мексикадан 17,2 млрд долларға, Германиядан 13,1 млрд долларға және Жапониядан 9,2 млрд долларға. 2014 жылы елдің сауда профициті 5,2 млрд долларды, 2013 жылы тапшылығы 7,2 млрд долларды құрады. Канада — энергияны таза экспорттаушылар болып табылатын санаулы дамыған елдердің бірі. 2013 жылы Канада шетелге 79,3 миллиард долларлық мұнай сатты, небары 26,2 миллиард доллар сатып алды. Канаданың Атлант жағалауында теңізде табиғи газдың үлкен қоры бар, ал Альберта провинциясында мұнай мен газдың үлкен қорлары бар: Атабаска аймағындағы шайырлы құмдардың үлкен қоры Канаданы әлемдегі ең ірі мұнай елі ретінде Сауд Арабиясынан кейінгі екінші орынға шығарады.

2015 жылғы қаңтардағы жағдай бойынша Канададағы ұлттық жұмыссыздық деңгейі 6,6% құрады. Провинциялық жұмыссыздық деңгейі Альберта мен Саскачеванда 4,5%-дан төмен, Ньюфаундленд және Лабрадорда 11,4%-ға дейін.

Канаданың мемлекеттік қарызы (жинақталған тапшылық) 2013—14 қаржы жылында 611,9 миллиард канадалық долларды, 2012-13 қаржы жылында - 609,4 миллиардты құрады.

2013—14 қаржы жылындағы бюджет тапшылығы 5,2 миллиард долларды, 2012—13 қаржы жылында 18,4 миллиард долларды құрады.

Канада — Hi-Fi және Hi-End динамиктер жүйелері мен компоненттерін шығаратын әлемдегі жетекші өндірушілердің бірі.

Канадада мемлекеттік тіл ретінде ағылшын тілі мен француз тілі саналады. Мемлекеттік ұйымдар мен барлық мекемелерде екі тіл қатар жүреді. Азаматтардың қалаған тілде сөйлеуіне және қалаған тілде іс-қағаздарды толтыруына құқықтары бар. Статистикалық деректер бойынша канадалықтардың 59.7% халқының ана тілі – ағылшын тілі, 23.2% тиісінше француз тілі. 67,5% халық тек қана ағылшын тілінде сөйлей алады, 13,3% тек француз тілінде сөйлей алады, және 17,7% халық екі тілде қатар сөйлейді. Квебек провинциясындағы ресми тіл ретінде француз тілі саналады. Өйткені Канададағы француз тілді азаматтардың 85% Квебекте тұрады. Одан кейінгі француз тілділердің басым бөлігі Онтариода тұрады. Квебектен басқа провинцияларда ресми тіл ретінде бекітілген арнайы тіл жоқ. Екі тіл қатар қолданылады.

Білім беру жүйесі

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Канадада 6-7 жастан бастап 15-16 жасқа дейін мектептерде білім алу міндеті бар. Ол үшін мемлекеттік қаржыға осы процесті іске асыру мақтасында қыруар қаржы бөлінеді. Квебек провинциясында кейбір колледждер де мемлекет тарапынан қаржыландырылатын болғандықтан, оқу ақысы айтарлықтай қымбат емес. Канадада білімберудің бірыңғай мемлекеттік жүйесі жоқ. Әр провинция өзінің жеке білім беру жүйесін құрады. Мұнысына қарамастан, барлығы орталық үкімет тарапынан қаржыландырылады. Жыл сайынғы мемлкеттің жұмсайтын қаржыларының 20% білім беру саласына тиесілі. Жоғарғы оқу орындарындаға студенттердің оқу ақысын өтеуі үшін мемлекет тарапынан қаржылай көмек көрсетіледі. Студенттер мемлекеттен төменгі пайыздық көрсеткішпен несие ала алады. Провинцияларда да осыған ұқсас студенттерді қолдау жүйелері бар.

Канада үкіметі 2000-2010 жылдар аралығында мемлекеттік білім беру гранттарын тағайындады. Осы бағдарлама аясында 100 мың студент мемлекет тарапынан жыл сайын 3000 доллар соммасындағы шәкіртақыны алады. Шәкірақы бес жылға дейін беріледі.

Канаданың білім беру саласына жұмсайтын қаржысы жан басына шаққанда әлемдегі ең жоғарғы көрсеткішке жетеді. Халықтың білімінің жақсы болуы елдің атағы мен ол елде интеллектің бағаланатындығына дәлел бола алады.

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. Statistics Canada Population estimates quarterly (June 14, 2018). Тексерілді, 14 маусым 2018.
  2. Statistics Canada Population size and growth in Canada: Key results from the 2016 Census (February 8, 2017). Басты дереккөзінен мұрағатталған 10 ақпан 2017. Тексерілді, 8 ақпан 2017.
  3. a b c d World Economic Outlook Database, October 2018, Canada. International Monetary Fund (October 2018). Басты дереккөзінен мұрағатталған 21 ақпан 2019. Тексерілді, 21 ақпан 2019.
  4. 2017 Human Development Report. United Nations Development Programme (2017). Тексерілді, 14 қыркүйек 2018.
  5. Sassen Saskia Cities in a World Economy — 5th. — SAGE Publications, 2018. — P. 210–. — ISBN 978-1-5063-6260-1.
  6. Employment by Industry. Statistics Canada (8 қаңтар 2009). Басты дереккөзінен мұрағатталған 21 тамыз 2011. Тексерілді, 19 қазан 2009.
Ортаққорда бұған қатысты медиа санаты бар: Canada