Мұсылман

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Навигацияға өту Іздеуге өту
Әлемдегі мұсылман үмбетінің пайызы
Мұсылман

Мұсылмандар (араб.: مسلم‎ [мусли́м] – «мойынсұнушы», «көнуші») — Ислам дінін қабылдаған, Аллаға мойынсұнған адам. Мұсылман болу — бар ынта-ықыласымен Аллаға берілу, Хазіреті Мұхаммед Пайғамбардың (с.а.у.) айтқандарына толық илану, шариғат үкімдеріне мойынсыну және исламды дін ретінде толық қабылдау деген мағына береді. Шынайы мұсылман иман шарттарына шек келтірмей ислам қағидаларын орындауы қажет («Бақара», 112, 131, 133-аяттар; «Әли Ғымран», 20, 83-аяттар; «Ниса», 125-аят; «Мәида», 44-аят; (Әнғам», 14- аят, т.б.) Мұсылман адамды кейде «му'мин» (мүмін, момын) деп те атайды.

«Муслим» - исламды мойындаушы деген мағына берсе, «мүмин» - иман келтіруші деген ұғымды білдіреді. Құран Кәрімде айтылғандай («Юныс», 84-аят; «Нәміл», 81 -аят, т.б.) иман мен ислам ұғымдары бірін-бірі толықтырады, яғни мұсылман мен мүмин сөздері өзара мағыналас. Әйтсе де иман — иман негіздеріне жүрекпен иланып, іштей сену болса, ислам — сол сенімді жария ету және Жаратқанның әмірлеріне толық мойынсұнып, амал ету болып табылады. Құран Кәрімде муслим сөзі бірнеше рет кездеседі. Сонымен қатар мүмин жайлы айтылатын аяттар және «му'минун» атты арнайы сүре бар. «Мүминдер» деген мағына беретін «му'минун» сүресінде мүминдердің намаздарын терең тебіреніспен беріле оқып, тыйым салынған нәрселерден бойларын аулақ ұстайтыны, зекет беріп, аманатқа адалдық танытатыны және сөздеріне берік екендіктері айтылады. («Му'минун», 1 - 9-аяттар) «Инсан» сүресінде мүминдердің Алла ризалығын басты нысана етіп алатыны сөз болады («Инсан», 8 - 9-аяттар). Сондай-ақ, «Рағыд» сүресінде мүмин «Алла Тағаланың әмірлеріне толық мойынсұнып, есеп беретін ұлы күнді ойлаушы, сөзіне берік, ант пен аманатқа адалдық танытушы және Алла ризалығы үшін сабыр сақтап, намазын уақытында оқушы» ретінде сипатталады. Хазіреті Мұхаммед Пайғамбардың (с.а.у.) хадистерінде Мұсылман — Алла және оның Елшісін жанынан артық жақсы көріп, иман еткеннен кейін күпірлік жасаудан тыйылып, ғибадатын Алла ризалығы үшін ықыласпен орындайтын адам. Ол тілімен де, қолымен де өзге мұсылмандарға зиян келтірмейді, қиянат жасамайды, өйткені, мұсылман — мұсылманның бауыры. Көркем мінезді, иманжүзді мұсылманның негізгі сипаты — жомарттықпен жетім-жесірлерге жәрдем береді, Алланың берген нәсібін Жаратқанның жолында жұмсайды.[1]

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. Ислам. Энциклопедиялық анықтамалық. Алматы: “Аруна Ltd.” ЖШС, 2010 ISBN 9965-26-322-1