Педагогикалық психология
Педагогикалық психология - психологияның тәрбиелеу және оқыту жағдайындағы баланың психикалық іс-әрекетін зерделейтін сала.[1]
Педагогикалық психология - білім беру мен тәрбиелеудің психологиялық негіздерін зерттейді және жастың даму (жас ерекшелігі) психологиясымен тығыз байланысты, өйткені, білім беру мен тәрбиелеудің психологиялық заңдылықтарын оқитындардың жас шамасын және даралық ерекшеліктерін ескермейінше дамыту мүмкін емес. Педагогикалық психология саласындағы зерттеулер білім беру мен тәрбиелеудің мәнін дұрыс түсінуге, оқулықтар мен оқу құралдарына қойылатын әр түрлі талаптарды анықтауға, оқушылардың ақыл-ой әрекеті мен мінез-құлқын басқара отырып, олардың дамуын қамтамасыз ететін білім беру және тәрбиелеудің тиімді тәсілдерін тауып негіздеуге мүмкіндік береді. Педагогикалық психология педагогтар мен оқушылардың арасындағы өзара қатынас мәселелерін, педагогтың жеке басына қойылатын талаптарды зерттейді, педагогикалық қабілеттер мазмұны мен қалыптасу үрдісін ашады. Сонымен қатар оқушылар ұжымындағы өзара қатынастармен, олардың психологиялық даралық ерекшеліктерімен санасып отырудың мүмкіндіктерін іздестіреді. Оқу-тәрбие жұмыстарын және балалардың психологиялық ерекшеліктерін қарастырып, бірқалыпты даму зандылықтарынан ауытқыған балалармен тәлім-тәрбие жұмысын жүргізу әдіс-тәсілдерінің психологиясын зерттейді. Сондай-ақ, ересек адамдармен жұмыс істеудің ерекшеліктерімен және оларды қалай оқыту мәселелерімен де шұғылданады.
Тәлім-тәрбие психологиясының келесі тармақтары бар:
- 1) Оқыту психологиясы — дидактиканың психологиялық негіздерін, оқыту мен білім берудің жекелеген әдістеме мәселелерін, бағдарлап оқыту мен балалардың ақыл-ойын дамыту сияқты өзге де мәселелерімен айналысады.
- 2) Тәрбие психологиясы — гуманистік және әлеуметтік тәрбие мәселелерінің психологиясын зерттеп, оқушылар ұжымының, еңбекпен түзету педагогикасының психологиялық негіздеріне қатысты мәселелерді іздестіреді.
Бұлардан басқа мұғалімдер психологиясы, ерекші білім беруде қажет ететін балаларды (ересектерді де) оқытып тәрбиелеу мәселелерін қамтиды.
Педагогикалық психология — балаларды оқыту мен тәрбиелеу мәселелері туралы білімдерді қарастыратын, сондай-ақ мұғалімдердің, тәрбиешілердің, ата-аналардың, педагогикалық топтар мен ұжымдардың іс-әрекетінің психологиялық негіздерін зерттейтін психология ғылымының саласы. Педагогикалық психология терминін орыс педагогі П.Ф. Каптерев (1849-1922) енгізді. Педагогикалық психология қалыптасуына XIX ғ. ортасындағы сараптау психологиясы тікелей ықпал етті. Педагогикалық психология педагогика мен балалар психологиясымен дифференциалдық психологиямен тығыз байланысты. Педагогикалық психология құрылымы үш бөлімнен тұрады: тәрбие психологиясы, оқыту психологиясы, мұғалім психологиясы. Психологиялық-педагогикалық зерттеу нәтижелері білім беру әдістерімен мазмұнын құрастыру кезінде, оқу құралдарын жасауда, диагностика құралдары мен психикалық даму түзетімін тексеруде қолданылады. Педагогтың жұмыс істеу стилі — педагогикалық үрдісте жетекшілердің оқушылармен қатынас жасау әдістерінің жиынтығы, педагогикалық жұмысқа теориялық және тәжірибелік дайындалудың бірлігі де педагогикалық психология қарастыратын мәселелерінің бірі.[2]
Дереккөздер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- ↑ Орысша-қазақша түсіндірме сөздік: Педагогика / О 74 Жалпы редакциясын басқарған экономика ғылымдарының докторы, профессор Е. Арын - Павлодар: "ЭКО" ҒӨФ. 2006. - 482 б. ISBN 9965-808-85-6
- ↑ Жантану атауларының түсіндірме сөздігі. — Алматы: "Сөздік-Словарь", 2006. - 384 бет. ISBN 9965-409-98-6
Бұл мақаланы Уикипедия сапа талаптарына лайықты болуы үшін уикилендіру қажет. |