Мазмұнға өту

Экономикалық аудан

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет

Экономикалық аудан – жалпы ел аумағының тұтастай бірігіп жатқан ірі бөлігі.

Ол өз кезегінде бірнеше әкімшілік-аумақтық бөлініс бірліктерін қамтиды. Экономикалық аудан бір-бірінен жер аумақтарының экономикалық-географиялық орналасу жағдайының, табиғат және еңбек ресурстарының, шаруашылығының кешенділігі мен оның салалық мамандануының, өндіріс орындарының өзара ауданішілік тұрақты байланыстарының бірыңғайлы үйлесуімен, әрі олардың ел экономикасындағы маңызына қарай ерекшеленеді. Әдетте халқының еңбек дағдысына және табиғат жағдайына байланысты белгілі бір аумақтағы шаруашылықтың тиімді салалары бағытында дамуы барысында географиялық еңбек бөлінісі туындайды. Олармен тығыз байланыста басқадай қосалқы қызмет көрсетуші өндіріс салалары пайда болуы арқылы үлкен аумақты қамтитын Экономикалық аудан дүниеге келеді. Кейбір экономикалық аудан бір бағыттағы өнімдер өндірсе, екіншісі көп салалы болады. Осылайша экономикалық аудан арасында үнемі қызмет пен өнімдер алмасуы нәтижесінде ауданаралық экономикалық байланыстар орнығады. Ел ішіндегі экономикалық аудандар жиынтығы, сол мемлекеттің жалпы ұлт-тық экономикасын құрайды. Халық ш-ның дамуы барысында экономикалық ауданның мамандану бағыты да өзгеріп отырады. Мысалы, жаңа кен байлықтарының үлкен қорлары ашылуы немесе ірі өндіріс орындарының салынуларына байланысты. Осы себепті, экономикалық аудан құрамында іргелі өзгерістер болып, оның орналасу шекараларының өзгерісі нәтижесінде жаңа экономикалық аудан қалыптасады. Қазақстан, жер аумағының кеңдігіне және табиғи ресурстарының молдығына, табиғат жағдайларының әр түрлілігі мен әлеуметтік-экономикалық даму ерекшеліктеріне қарай 5 ірі Экономикалық ауданға (Батыс экономикалық аудан, Солтүстік экономикалық аудан, Орталық экономикалық аудан, Шығыс экономикалық аудан, Оңтүстік экономикалық аудан) бөлінген. Еліміздің жер аумағын экономикалық география ғылымы тұрғысында аудандастырудың негізін қалаған ғалым-географтарға Н.Н. Баранский, Б.Я. Двоскин (бел.), т.б. жатады. Кез келген экономикалық ауданның экономикалық-географиялық сипаттамасы төмендегі жоспар бойынша беріледі:

  1. Экономикалық аудан құрамы, оның шекаралары;
  2. Экономикалық-географиялық жағдайлары мен ресурстары, оларға шаруашылық тұрғысынан баға беру және тиімді пайдалану мүмкіндігі;
  3. Халқы және еңбек ресурстарының орналасу ерекшеліктері;
  4. Шаруашылығының дамуындағы тарихи алғышарттар;
  5. Шаруашылығының, оның ішінде өнеркәсіп және а. ш. салаларының мамандануы мен орналасуы;
  6. Өндірісті орналастыру формалары (аумағы-өндірістік кешен, өнеркәсіп тораптары, өндірістің шашыраңқы орталықтары, т.б.);
  7. Ірі қалалары;
  8. Экологиялық жай-күйі;
  9. Сыртқы байланыстары және экономикалық ауданның даму болашағы.[1]

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. «Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9, X том