Үйімнің үстіндегі кім?
«Үйімнің үстіндегі кім?» — бұл ойынды ойнау үшін қатынасушылардың бірі жұдырығын түйеді де, столдың үстіне қояды оның үстіне 2, 3, 4, 5-ші ойыншылар да өздерінің бір-бір жұдырықтарын қояды. Бірінің үстіне бірі қойылған жұдырықтар бірнеше қабат үй сияқтанып биіктей түседі. Егер ойыншы 2—3-ақ адам болса, әр ойыншы екі жұдырығын өзара аламастыра қоюына болады.
Ең үстіңгі жұдырықтың астындағы қолдың иесі:
Үйімнің үстіндегі кім?
Мұсамын.
Неғып жүрсің?
Ұшамын.
Тезірек ұш.
Қорқамын.
Кейінірек ұш!
Асығамын.
Секіріп түс.
Жығыламын.
Астыңдағы не?
Келі.
Ішіндегі не?
Тары.
Жүзің неден сары?
Жас шіркінің кәрі.
Осы сөз айтылысымен ойыншылар түгелдей: «Атта жымпи, көжеңді іште тымпи»— деп қолдарын алады да, тым-тырыс бола қалады. Кім бұрын күліп қойса, сол ұпай төлейді.
Ұпайдың тәртібі — күліп қойған ойыншының алақанын жазып, білегінен ұстап отырады да:
Кімнің үйіне қондың?— деп сұрайды. Күлген бала тез өзі білетін үйлерінің ішінен ең шағын басты біреудің атын атайды. Мысалы, Әсеттікіне қондым — дейді. Ұпай алушы бала:
Әсет атам ет асатар,
Ет асатса бес асатар,
Бесбай етті неше асатар?
— деп тез-тез 5 рет айтып шық деген бұйрық береді.
Ойнаушы жаңылтпашты жақсы айтып кетсе, сонымен ұпайдан құтылады. Егер айта алмаса ойын бастаушы күліп қойған ойыншының алақанын каттырақ шымши отырып «ет асата» бастайды. «Ет асатуды» үйде неше кісі болса, сонша қайталап жасайды. Ең соңынан ойын бастаушы «Енді жақсылап тұрып, өзім де бір асайын» — деп батыра шымшып, өзі де «асайды». Мысалы, Әсеттің үйінде 3 адам бар. Өзі, әйелі Қанипа, ұлы Мұрат.
Мә, Әсет ағай.
Мә, сізге Қанипа апай.
Мә, саған Мұрат балақай,
— дейді де, содан кейін өзі «асайды». Ойын осылайша жүргізіле береді. [1]
Тағы қараңыз
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Дереккөздер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- ↑ Сағындықов Е. С. / Қазақтың ұлттық ойындары. — Алматы: «Рауан» баспасы, 1991 жыл .—176 бет. ISBN 5-625-01063-3
Бұл мақалада еш сурет жоқ.
Мақаланы жетілдіру үшін қажетті суретті енгізіп көмек беріңіз. Суретті қосқаннан кейін бұл үлгіні мақаладан аластаңыз.
|