Әш-Шаһрастани

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Навигацияға өту Іздеуге өту

Аш-Шаһрастани, Әбу-л-Фатх Мұхаммед б. Абд әл-Карим(1075-1153) - шафиишіл діндар және факих,дін мен діни-философиялық жүйелер тарихының беделді білгірі. Шахрастан қаласында (Ирандағы Хорасанның солтүстігінде) туған, ұлты парсы. Аш-Шахрастани дәстүрлі мұсылмандық білім алған. Нишапур мен Гургаңджде хадистерден, фикһ пен қаламның сол кездегі белгілі білімпаздарынан дәріс алған. Ол көп сапар шегіп, Халифаттың әр түрлі өлкелерінен шыққан ғалымдармен жүргізген пікірталастарда басым түсуі арқылы даңққа бөленді. Атақпен бірге оны философтар мен батиншіл-исмаилшылар дәлелдемесіне жақындығы үшін айыптайтын сыншылар да көбейе түсті. Үш жыл бойы Аш-Шахрастани Бағдадтағы белгілі Низамийа медресесінде дәріс оқыды. Ол өзінің туған қаласында қайтыс болған.

Аш-Шахрастанидің діни-саяси көзқарастарын бір мәнді анықтама беруге болмайды. Бір жағынан ол ашаришіл діндар ретінде көрінеді. Ашаришіл қағида жүйелерін терең білетіні оның «Китаб ниһайат әл-икдам фи илм әл-калам» трактатынан анық байқалады. Аш-Шахрастанидің бізге кейбір бөліктері ғана жеткен Мафатих әл-асрар уа масабих әл-абрар деп аталатын Құранға түсініктемесінде, шынында да, исмаилшылдық сипат бар. Оның исмаилшыл көзқарасы 1132 жылдан кейін құрастырылған және Әбу Әли ибн Синаға қарсы бағытталған пікірталас сипатындағы «Китаб әл-Мұсараа» трактатынан анық байқалады. Бұл еңбегінде автор ибн Синаны жетекші философ ретінде мойындай отырып, философиялық пікірталас үшін метафизикалық жеті мәселесін таңдап алады да, ибн Синаның осы мәселелер туралы айтқан пікірлерін жоққа шығаруға тырысады. Ең алдымен, Аш-Шахрастани әр мәселе туралы ибн Синаның тұжырымын келтіреді, оны жоққа шығарады, содан соң бұл мәселе туралы өзінің анықтамасын береді, Аш-Шахрастанидің айтқан ойларының, ол пайдаланған ұғымдар атауларының исмаилшылар ілімінен алынғаны анық байқалып тұрады. Осылайша исмаилшылар идеологиясының кейбір құрамдас бөліктері Аш-Шахрастани дүниетанымында, шынында да, өз көрінісін тапқан. Түпнұсқаларда Аш-Шахрастанидің жоғарыда аталып өткен үш шығармасынан басқа дін іліміне, философияға, дін тарихын қатысты оннан астам еңбектерінің аттары көрсетіледі. Олар:

  • Китаб талхис әл-аксам лимазаһиб әл-анам;
  • Китаб ғайат әл-марам фи илм әл-калам;
  • Китаб әл-иршад ила акаид әл-ибад;
  • Китаб әл-манаһидж уа-л-баййинат;
  • Китаб әл-актар фи-л-усул;
  • Китаб шарх сұрат Йусуф;
  • Китаб әл-мабда уа-л-маад;
  • Китаб дакаик (немесе ниһайат) әл-аухам;
  • Тарих әл-хукама (немесе әл-фаласифа);
  • Китаб шубухат Аристуталис уа Ибн Сина уа накдиһа;
  • Китаб әл-джуз аллази ла йатаджаззау.


Аш-Шахрастанидің ең белгілі шығармасы - Китаб әл-милал уа-н-нихал. Еңбек 1127 жылы жазылым кейін Санджардың уәзірі Махмуд б. Музаффар әл-Хорезмиге (1127 - 32) немесе Термездің Әли әулетінен шыққан нақыбы Әли б. Джафар әл-Мұсауиге арналған. Бұл еңбектің кең танымал болғандығы оның пар-сы тіліне бірнеше мәрте аударылғандығынан байқалады. Бізге жеткен аудармаларының ең көне нұсқасы 1440 жылы Ақсақ Темір әулетінен шыққан билеуші Шахрух үшін жасалынған. Аш-Шахрастанидің бұл трактатының көпшілікке танымал болғанының тағы бір дәлелі - осы шығарманы қолмен көшіріл тарату дәстүрінің берік орныққандығы. Китаб әл-милал уа-н-нихал екі бөлімнен тұрады.

  • Бірінші бөлімі Исламның ішкі тарихын сипаттама арналған. Автор өзінен бұрынғы мұсылман діни тарихын жазушыларды діни мектептер мен конфессиялық қауымдастықтарды сипаттаудың берік принципін ұстанбағаны үшін сынай отырып, ең алдымен әртүрлі діни қағидаларды сипаттау үшін негіз болып табылатын негізгі дін мәселелерін ажыратып алуды қажет деп есептейді. Ол әртүрлі шешілуі үлкен төрт мектептің (қадаршылар, сифатшылар, хариджишьшар және шииттіктер мектептерінің) құрылуына алып келген төрт негізгі мәселені бөліп қарастырады. Аш-Шахрастанидің пікірінше, осы негізгі төрт мектептен мұсылман дәстүрін жалғастырған 73 қауымдастық құралған. Діннің кейбір мәселелеріне қатысты олардың араларындағы өзгешеліктерді айта отырып, автор негізгі мәселелерді назардан тыс қалдырмауға тырысады.
  • Трактаттың екінші бөлімінде яһудилердің, христиандардың, манихейлердің, зороастрашылардың, сабилердің, брахмандардың сенімдері мен діни-философиялық ілімдері, көрнекті грек және мұсылман философтарының көзқарастары, әртүрлі пұтқа табынушылардың түсініктері баяндалады. Аш-Шахрастани шығармасының ерекшелігі - ол әр түрлі көзқарастарды сипаттай отырып баяндауға ұмтылады. Өзі пайдаланған, белгілі бір идеяны мадақтау сипатында жазылған шығармалардың авторларынан, ең алдымен әл-Бағдади (1037 жылы қайтыс болған) мен ибн Хазмнан (1064 жылы қайтыс болған) озгешелігі - Аш-Шахрастани бұл еңбегін жазу барысында, негізінен материалды логикаға сиымды және дәлелді түрде баяндауға ұмтыла отырып, пікірталасқа бармауға тырысады. Аш-Шахрастани еңбегінің құндылығы мынада: Исламның ішкі тарихын сипаттау барысында ол белгілі бір мұсылмандық идеяны мадақтаушыларға тән бір жақтылық пен конфессиялық шектелушіліктен арыла алған. Шын мәнінде, жоғарыда аталған еңбек - Таяу Шығыс пен Жерорта теңізі аумағын мекендеген халықтардың орта ғасырдың бастапқы кезеңіндегі діндері мен діни-философиялық ілімдерінің эндиклопедиясы.

Аш-Шахрастанидің «Китаб әл-милал уа-н-нихалы» мұсылман тарихнамасының озық үлгісі ретінде көптен бері шығыстанушылар назарын өзіне аударып келеді. Бұл шығарма Еуропада, Мысырда, Иранда, Түркияда, Үндістанда бірнеше рет басылып шықты. Парсы, түрік, неміс, ағылшын және орыс (1 бөлімі) тілдеріне аударылды.[1]

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. Ислам. Энциклопедиялық анықтамалық. Алматы: “Аруна Ltd.” ЖШС, 2010 ISBN 9965-26-322-1