Мазмұнға өту

Барсакелмес қорығы

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет

Барсакелмес мемлекеттік табиғи қорығы
ХТҚО санаты — Ia (Қатаң табиғи резерват)
Жалпы мағлұмат
Ауданы160 826 га
Құрылған уақыты10 желтоқсан 1939 жыл
Басқаратын ұйымҚР АШМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті
Орналасуы
45°38′07″ с. е. 59°54′30″ ш. б. / 45.63528° с. е. 59.90833° ш. б. / 45.63528; 59.90833 (G) (O) (Я)Координаттар: 45°38′07″ с. е. 59°54′30″ ш. б. / 45.63528° с. е. 59.90833° ш. б. / 45.63528; 59.90833 (G) (O) (Я) (T)
Ел Қазақстан
АймақҚызылорда облысы
АуданАрал ауданы
Барсакелмес қорығы (Қазақстан)
Барсакелмес мемлекеттік табиғи қорығы
Барсакелмес қорығы (Қызылорда облысы)
Барсакелмес мемлекеттік табиғи қорығы

Барсакелмес мемлекеттік табиғи қорығы — өте сирек кездесетін флора мен фауна бар. Өсімдіктердің 256-дан астам түрлері және малдар, аңдар,сүтқоректілер және қос мекенділер өмір сүреді. Теңіздің құрғауына байланысты сирек кездесетін балықтардың түрлері жойылып, жаңа өсімдіктер мен малдар кездесіп жатыр.

Тарихы жайлы

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Ол 1929 жылы тапсырма берушi сияқты негiзделдi. Ал 1939 жылға 10 желтоқсан күні мемлекеттiк қорықтың мәртебесiн алды. Теңіздің құрғауына байланысты судың тұздылығы нормасынан шектен шықты. Тұщы судың жоқтығы малдың өмір сүруін қиындатады. 1982 – 1991 жылдар аралығында 260 астам құландар республиканың басқа қорықтарына ауыстырылған. 137 бастардағы жемiсi қалған 50 ерекшерек қиырлар. Қазіргі таңда жылдық қорытынды бойынша құлан саны 20-25 басқа көбейді. Барсакелмес қорығында флора және фаунаның сирек кездесетін түрі бар. Балықтар саны жылдан жылға өсуде. Жуырда Қорқыт ата атындағы мемлекеттік университеттің ғалымдары студенттермен бірлесіп экономика,экология және ботаниканы жаңартуда. Қорық бай кiтапхананы арқасында өз оқырмандары және оны табады жануартану және өсiмдiктануды табиғи лабораторияға айналып кетедi. Бүгінгі күннің басты мәселесі: 100-150 000 га және 400 000 га жерді сақтап, өсімдіктерді көбейту. Барсакелмес – республикадағы 9 қорықтың ішіндегі ең ерекшесі және оның өркендеуіне барлық қазақстандықтар қызығуы керек.

Барсакелмес мемлекеттік табиғи қорығы Арал теңізінің ортасындағы осы аттас жерде алғаш 1929 жылы қорғалым ретінде пайда болса, 1939 жылдың 10 желтоқсанынан бері өзіне лайық статусқа ие. Сол уақытта Қазақ КСР Халық Комиссарлары кеңесінің №973 қаулысы негізінде қаз тұрған бұл құрылымның тұрақ тепкен жері өте қолайлы мекен болатын. Оның ең биік бөлігі теңіз деңгейінен 100 метрге дейін баратын.

Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының басынан Сырдария және Әмудария өзендері арқылы Арал теңізіне келіп құятын судың мөлшері күрт азая бастауына байланысты теңіздің бірте-бірте тартыла түсуі мұндағы қорықтың да жағдайын нашарлата берді. Ақырында мұндағы Барсакелместің “арал” атанғаны тарихтың тұнбасында қалды. Өйткені, теңіздің шығыс жағалауы құрлықпен қосылып кетіп, қорықтың елден ерек ерекшелігі естен шықты. Соған қарамастан осындағы өз істеріне ерекше берілген жайсаң жандардың жанқиярлық еңбектерінің арқасында атақты қорық жай тіршілік етіп қана қоймай, алғы күнге асқақ міндеттер тұрғысынан мұқият қарауда.

Барсакелмес қорығы туралы аңыз

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Арал өңірі тұрғындары арасында Барсакелмес төңірегінде аңыздар көп. Солардың бірі былай баян етіледі. Баяғыда осы маңайда тұратын тайпалар арасында жаугершілікке тыйым болмай бара жатқаннан кейін Ләтпай деген кісі бастаған ру адамдары құлақ естіп, көз көрмеген алыс жаққа кетіп қалуға қам жасайды. Сонда бұларға теңіздің қақ ортасындағы суы тұщы, шалғыны шүйгін, балығы мол, алуан түрлі аң-құсы бар, сексеуілі қалың ғажайып аралға өтіп кетуді ұсынушылар табылады. Бұлар мұз қатқанда күзер жасап, соның үстімен аралдың төріне жетіп алмақ болады. Сол мақсатта Изенді ондағы табиғатты ақ жартас түбін паналап, шолпанның тууын күтіп отырғандарында, олар жаққан оттың маңайына жыртық шапанды, тесік тымақты бір ақсақал келіп, Ләтпайға қарап: “Ол аралдан қорықпаңдар, онда зұлымдық жоқ, қасқыр жоқ, адамдар жоқ. Аралда табиғатты сақтасаңдар, бақытты да ұзақ өмір сүресіңдер. Ұрпақтарың ештеңеден зәрулік көрмейді. Мыңғырған мал болады. Аң-құсты өлтірмеңдер. Аққуларға тимеңдер”, – дейді. Осыны айтқан қария заматында қараңғылық қойнауына сүңгіп жоқ болады. Ләтпай оның Қыдыр екенін іштей сезеді. Ал, төбеден шолпан көрінген сәтте тайпа түгел орнынан қозғалып, мұзды көпір — күзердің үстімен тізбектеліп жүріп өтіп, аралдың қойнауына барып түседі. Қысты осы аралда жақсы өткізген Ләтпайдың жұрты көктемге қарай тойына бастайды. Қыдыр атаның айтқандары айдай келіп, көп ұзамай олар байи бастайды. Осы ұзақ аңыздың ақыры аралдағы ағайынның жылдардың жылы баяғы қарияның өсиетін естерінен тарс шығарып, сексеуілді отап, аң-құсты қырып, аққуға ауыз сала бастауы салдарынан бір түнде маңайды түгел ордалы жыланның жалмауымен аяқталады. Аңыз бойынша сол қырғыннан сегіз жасар бала ғана аман қалыпты. Шамасы, елді түгел харап етуге ертегілерге тән есті сарын жол бермесе керек.

Зерттеу жұмыстары

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Барсакелмеске ғылыми тұрғыда түбегейлі зерттеу ХІХ ғасырдың орта тұсына қарай басталды. Алғаш 1831 жылы орыс ғалымы Р. Левшин Арал теңізінде осындай аралдың бар екенін анықтап, картаға сызбасын түсіреді. Патша үкіметі 1848 жылы Арал теңізінің аумағын зерттеуге бірінші экспедиция шығарып, оған басшы етіп әскери теңізші Алексей Бутаковты тағайындайды. Сол жылғы мамырдың ортасында Ор бекінісінен шыққан керуен айдан аса мерзімде Арал теңізінің жағасына жетеді. Жаз ортасында теңізге бет қойған саяхатшылар әуелі Көкаралға аялдап, содан соң оның арғы жағындағы Барсакелмеске жүзіп барады. Осыдан кейін бұл жерге зерттеуші Л.Бергтің табаны тиеді. Міне, Барсакелместің ашылу тарихы осындай.

Айдынды арал зерттеушілерді өзінің керемет табиғатымен таңғалдырады. Оның табанын түгел жасыл желек жапқан. Тұщы суы бар көлдер көп. Мұндағы өсімдіктердің көпшілігі басқа жерде мүлдем кездеспейді. Экспедиция жетекшісі аралда құстардың 200 түрі бар екенін жазады. Жыландар мен кесірткелер, шаяндар мен бүйілер өріп жүрген. Сексеуілді паналаған жайрандар мен ақбөкендер тіпті адамнан үрікпейтін болған. Сол кездері бұл жер шынында таңғажайып қойнау болғанға ұқсайды.

Табиғи қоры

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Бүгінде құрылғанына жетпіс жылға жуық уақыт болған Барсакелмес мемлекеттік табиғи қорығы осындай жаратқанның өзі жарқыратып жасап берген жалпақ жайуаттан жай тапқан. Қорықта бүгінде өсімдіктің 165 түрі өседі. Олардың арасында бұйырғын, жусан, адыраспан, рауғаш, итсигек, сексеуіл секілді сортаң шөптер бар. Жануарлар әлемінен құлан, ақбөкен, қарақұйрық, ор қоян сынды арал табиғатына бейім хайуанаттар түрлері кездеседі. Заманында еліміздің жазық даласында зыр қағып жүрген “қазақ құланы” деп аталған аң да болыпты. Оның ең соңғы тұяғы 1936 жылы оспадар оқтың құрбаны болғанға ұқсайды. Сосын 1953 жылдың қысында Түркіменстанның Бадхыз мемлекеттік қорығынан 14 құлан жеткізілді. Әкелінген жануарлар жаңа мекенді бірден жерсініп, ұрпақ жая бастады. Қорықта ұлы көш басталған 1982 жылға дейін олардың саны 300-ге жеткен екен.

Өкінішке қарай, 1997-1999 жылдары Барсакелместің арал болудан қалып, тұщы су көздерінің жоғалуы бұл жануарлардың жарамдыларын түгел басқа жақтарға жөнелтуге мәжбүр етті. Сол уақыттан бастап бұл жерден ұзын-саны 250 қаралы құлан көшіріліп әкетіліп, негізгі бөлігі Алматы маңындағы Алтынемел ұлттық паркіне жіберілсе, тағы бір тобы Маңғыстау маңындағы Үстірт жоталарына аттандырылды. Ал қорықтың өз басында алыс жолға шығуға жарамайтын, кәрі-құртаң елу шақты құлан алып қалынған еді. Аралдың шығыс бөлігінің үлкен материкпен жалғасып жатуы бір жағынан жазықсыз жануарлардың аман қалуына себепші болды. Ащы судың аранында қалған олар осы арқылы үлкен жерге шығып, өз нәпақаларын теріп жей алатын жағдайға жетті. Қорықтың директоры Мағжан Тұрсынбаевтың айтуынша, осы кезге дейін біраз киік пен қарақұйрық ішетін таза судың жоқтығынан қапысыз қырылып қалған екен. Екі араға өткел түскесін барып, бұл жерден 1500 киік пен 350 қарақұйрық сыртқа аман шығып үлгіріпті. Оқшау аралдағы ауыз судың тапшылығы, міне, аң-құстарды осындай халге дейін душар етті.

Қазіргі таңда Барсакелместі мемлекеттік табиғи қорық ретінде сақтап қалудың барлық амалдары жасалуда. Атап айтқанда, еліміз Үкіметінің 2001 жылғы 29 тамыздағы “Арал аймағына қолдау көрсету және дамыту шаралары туралы” №1121 қаулысы арқылы бекітілген іс-шараларға сәйкес құрғаған табанға өсімдіктен сүзгі орнатылуда. Мұнда құжаттың “Барсакелмес қорығындағы өсімдіктер мен жануарлар әлемін сақтауды қамтамасыз ету жөніндегі шараларды зерттеу және талдау” деген 7-бабы негізге алынып, соған сәйкес жұмыстар атқарылуда.

Енді Барсакелмес қорығының бүгінгі бет-бейнесіне келсек, соңғы екі жылдан бері оның көлемі бұрынғысынан 10 есеге артты. Сөйтіп, осы кезге дейін 16 795 гектар жерді алып келген аумақ 160 795 гектарға ұлғайды. Бұл Үкіметтің 2005 жылғы 25 қарашадағы №1162 қаулысының негізінде мүмкін болды. Оған еліміздің Ауыл шаруашылығы министрлігінің ұсынысы ықпал етті. Ал қорық жеріне ғылыми-техникалық сараптама жасауға Аралдың құтқару қорының президенті Алмабек Нұрышев қаржылай көмек көрсетті. Осылай қорық жері Қасқақұлан аралына дейін жалғасты. Жайылымның кеңейе түсуі өз кезегінде Барсакелмес аралында тұралап қалған жануарлардың көбею үдерісін жеделдетті. Қорықта 2005 жылғы қазан айында жүргізілген санақ аң-құстар дүниесінің динамикалық табиғи өсуін қанағаттанарлық деп тапты. Мекеменің штаттық кестесі ұлғайып, жаңадан көп құрал-жабдық, техника алынды.

Барсакелмес мемлекеттік табиғи қорығындағы сексеуілді орман алқабы 41,5 мың гектар жерге созылып жатыр. Осы табиғи ортаны 25 сүтқоректі жайласа, солардың біреуі дүниежүзілік “Қызыл кітапқа” енген, келесісі Қазақстанның сондай кітабы парақтарынан орын алған. Олардың біріншісі – құлан да, екіншісі қарақұйрық. Сонымен қатар мұнда өсімдіктің 354 түрі өссе, оның 14-і эндемик. Құстардың 178 түрі мекен етсе, бұлардың 26 түрі Қазақстанның “Қызыл кітабына” жазылған. Бұдан басқа, 12 бауырымен жорғалаушы мен 2 қосмекенді тіршілік етеді. Бұл жерде сирек кездесетін улы қалқантұмсық жылан да бар. Мұндай бауыры суық бақанақтың уы медицинаға аса қажет.

Қорық екі кластерден тұрады. Мұның біріншісіне бұрынғы Барсакелмес аралының 50 884,0 гектарлық алабы жатса, екіншісін байырғы Ұзынқайыр және Қасқақұлан аралдарынан қалған 10 9942,0 гектарлық танап қамтиды. Бұлардың барлығы 160 826,0 га жерге жетеді. Бұл аймақтар оңтүстік Арал теңізінің кепкен табанымен, яғни, экологиялық апат ошағымен қатар жатқандықтан, қорықтағы тіршілік атаулы ұдайы тұзды тозаңның астында қалуда. Ақ түтек шаңды мол ылғалды су мен танаптағы өсімдіктер ғана тоқтата алады.

Осы орайда Барсакелмес мемлекеттік табиғи қорығының басты міндеті мұндағы сабақты иненің әзер ілініп тұрған жібін үзіп алмау болып отыр. Сол тіршілік көздерін сақтап, молайтумен бірге, оған тұрақты мониторингтік бақылау жасау, жыл сайын жануарлар мен өсімдіктер әлемін санақтан өткізу, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы табиғат пен адам арасындағы үндестік түсіністікке дәнекер болу, күнделікті табиғат жылнамасын жазу, ғылыми семинарлар мен сабақтар ұйымдастыру осы жұмыстарды жалғастырады. Бұлардың “Барсакелмес қорығының флорасы және табиғат қорғау іс шаралары” тақырыбымен осындағы қорық директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары. З.Әлімбетова, “Барсакелмес қорығының герпетофаунасы және континенталдық байланыста өзгеруі” тақырыбымен маман Г.Сатекеев айналысуда. Сол сияқты “Арал теңізінің тартылу жағдайында Барсакелмес қорығы құландарының экологиясы” тақырыбына А.Жылқайдаров бөлінсе, “Қазіргі таңдағы экологиялық жағдайдағы Барсакелмес қорығының оринтофаунасы” мәселесімен Б.Қуандықов шұғылданып жүр. Бұл төрт тақырып бойынша белгілі ғалымдардан ғылыми жетекшілер белгіленген.

Қорық жайында түсірілген фильм

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Қорық жайында түсірілген “Құландар аралы” деректі фильмі 2004 жылы Ташкентте өткен кинофестивальда 110-нан астам қатысушылардың арасынан жүлделі үшінші орынды жеңіп алды. Биыл сондай тағы бір деректі фильм түсірілу үстінде. Бұдан бөлек, Алматы қаласындағы Ботаника және зоология институтымен, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетімен бірлескен ғылыми жұмыстар қолға алынуда. Қорық қызметкерлері Қырғызстан, Ресей және Германия мемлекеттерінде халықаралық семинарларға қатысып қайтты. Сондай-ақ, Барсакелмес қорығында халықаралық деңгейде үш ғылыми семинар өткізілді. Биылғы жылы БҰҰ резидент-үйлестірушісі Т.С.Кертешовтің басшылығымен “Солтүстік Арал теңізінің сулы-батпақты өңіріндегі тіршілік әлемін сақтау” атты тақырыпта семинар ұйымдастырылмақшы.

Қорықтың екінші екпін, тың тыныс алуына 2005 жылғы 27 сәуірде Арал өңіріне Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың ат басын бұруы үлкен серпін берді. Мемлекет басшысы сол жолы қала орталығында қорық жөніндегі анықтамалық стендтерді қарап тұрып, аймақтың табиғатында әлі де сақталып, өсіп-өнген эндемикалық жануарлар мен өсімдіктер дүниесіне қызығушылық білдірген еді. Елбасының сол сапарынан кейін Сырдария өзені арнасын реттеу және Арал теңізінің терістік бөлігін сақтап қалу жөніндегі ғасырлық салмағы бар жобаға жан кірді. Көп ұзамай сол жылдың күзінде Көкарал бөгеті қалпына келтірілді. Осынау ғаламат құрылыстың сапалы да тез бітуіне Ауыл шаруашылығы министрі Ахметжан Есімовтің көп еңбегі сіңді. Бұл нысанды әлемнің сегізінші кереметі атауға болады. Себебі, жердің жағрафиялық картасынан жоғалған Солтүстік Арал теңізінің қайта қатарға қосылуы тіршіліктің жаңадан жандануына әсер етті. Осыдан кейін бұрынғы балықшылар отбасы қайықтарымен су айдынына шығып, ата кәсібін жалғастырды, төзімділік таныта білген елге береке келді. Солтүстік Арал акваториясы содан бергі бар-жоғы екі жылдан сәл астам уақыт ішінде мамандар күткен мөлшердегіден әлдеқайда тез және мол суға толып, түстіктегі қорық аумағына да өзінің оң ықпалын тигізе бастады.

– Бүгінде қорықта құландар саны 230-дан асып отыр. Баяғы “көшкен елдің жұртында қалған” ауру-сырқау, кәрі-құртаң 50 құланнан бас-аяғы 20 жылдан сәл астам уақыттың ішінде 200-ге жуық ұрпақ өсіп-жетілді. Жануарлардың бұлай күрт өсулеріне жаңа Қасқақұлан аймағынан жайылым алаңының кеңеюі, тұрақты таза су көздерінің пайда болуы себеп болды. Бұл ретте аң-құстың қас жауы – браконьерлерге қарсы тұратын қорық инспекторларының қызметтері де ерекше. Соңғы үлгідегі техникамен жүретін солардың көбін ұстау да оңайға түспейді. Осы орайда, мемлекеттік қорықты соңғы үлгідегі жабдық-жарақтармен ұдайы жабдықтап отыру өмірлік мәні бар маңызды мәселе болып қала бермек.

Ендігі айтылатын жәйт, Аралды оңтүстік пен солтүстікке бөлмей, оның табиғатының тұтастығын толықтай сақтағанымыз абзал. Алайда оңтүстік теңіздің кепкен 4,0 млн га. астам тіршіліксіз тақыр табаны бүгінде нағыз апат ошағына айналып, жылына жүз миллиондаған тонна тұзды шаң жер бетіне таралып жатыр. Жылдар өте келе оңтүстік Арал теңізінің қалған батыс бөлігіндегі су мүлдем жойылса, экологиялық ахуал бүгінгіден әлдеқайда нашарлай түседі. Қазіргі таңда сол жердегі шаңды тозаң желмен көтерілгенде 3-5 метрдегі ағаштарды ақ түтек тұзды шаңға орайды, осы құбылыстың салдарынан адамның көзі қызарады, бет-аузы тұзды топырақтан ашиды, тыныс алуы қиындайды. Алайда, бұл құбылысты тоқтатудың өзіндік жолдары да бар. Ол, жоғарыда айтқанымыздай, теңіздің құрғаған табанын көк өскіндермен жауып, осында орман алқабын өсіру. Қызылорда облысында қоршаған ортаны қорғауға немесе орманды алқапты ұлғайтуға арналған жобада қаралған 35 млн. АҚШ долларының 8 миллионы Аралдың кепкен табанына 59 мың га. жерді алып жататын сексеуіл отырғызуға жаратылады. Алты жылға жоспарланған бұл жұмыстардың барысында теңіздің кепкен табанынан жер асты суын ұңғыма арқылы шығарған жағдайда сексеуіл де, жыңғыл да өздігінен өсу дәрежесіне жетеді. Мұнда Оңтүстік Аралды қалпына келтіруге қарастырылған қаржының 5-10 пайызы ғана бөлінсе, жер асты суларын бұрғылап шығаруға болар еді.

Айдың бір бөлігі қараңғы болғанымен, екінші бетінің жарық болатыны сияқты, теңіздің сорға айналған тұзды батпағының да өзіндік пайдасы жеткілікті болып шықты. Оның емдік қасиеті айрықша. Осы тұзды қара батпақ медицинада жоғары бағаланады. Мысалы, Израиль мемлекетіндегі өлі теңізге шетелдерден келіп ем қабылдап жататындардың миллиондап саналатынын бәріміз де білеміз. Сол секілді Солтүстік Кіші теңіздің батысындағы Ақбасты, Ақеспе елді мекендеріндегі емге шипалық жер асты ыстық суы да көп дертке дауа дер едік. Мұнда жұрт қырық күн шілде кезінде ағылып келіп, өздігінше ем қабылдайды. Бірақ, бұл аққан шипалы су медициналық тұрғыда өзінің лайықты бағасын алып, тиісті емдеу мекемесі санатында болмағандықтан, өз деңгейінде толық пайдаланылмай, босқа ысырапқа ұшырауда.

Сырдария мен Әмудария өзендерінің Аралдың түстік бөлігіне көп жылдардан бері су тастамауынан бүгінде ұлы теңіздің жағалауы жылдан жылға 300 метрден 500 метрге дейін тартылуда. Мұнда Сыр өзенінен біраз да болса түстікке қарай су жіберіледі, ал Әмудің бұл жақты “ұмытқанына” ондаған жылдар өтті. Осылай жалғаса берсе, Барсакелмес аралының батыс бөлігі де 5-10 жыл шамасында құрлықпен жалғасып кетері анық. Сол кезде бұрынғы Аралдың батысы мен шығысындағы тұяқты аңдардың миграциялық жолының өзгеруі әбден мүмкін. Ол осы жердегі табиғи орта құбылысына бұрынғыдан да кері әсер ететіні сөзсіз. Тұзды шаң бүгінгіден де көп мөлшерде әлемге тарайды. Сондықтан мемлекет тарапынан алдын-ала сақтық шараларды бүгіннен бастап қолға алмасақ, экологиялық апат ошағының аумағы бірнеше есеге ұлғаймақ.

– Арал өңірі Тұран ойпатында орналасқандықтан, жер асты суына өте бай, – дейді тағы бір сөздің ретінде қорық директоры Мағжан Тұрсынбаев. – Ғылыми тұрғыдан зерделеп, ұңғымалардың арақашықтығын шахматтық кесте әдісімен 20-30 шақырымнан тастап, жер асты суын дұрыс пайдалана білсе, біріншіден, бұл көтерілген тұзды шаң мен топырақты басады. Екіншіден, табиғи өсімдіктер дүниесі өздігінен өніп шығады, үшіншіден аң мен құстың қатары көбейеді. Төртіншіден, табиғатта экологиялық тепе-теңділік жүйелігі реттеледі. Мысалы, қолдан егілген сексеуілдің 25-30 пайызы ғана өсіп шықса, еткен еңбектің ақталғандығы болып есептеледі. Жылына 10 мың гектар жерге қолдан орман отырғызғанда, әзірге 4 млн. га аумаққа жетіп отырған теңіздің құрғаған табанын қашан көктеп шығуға болады? Ұлы ойшыл Әл-Фараби бабамыз айтқандай: “Табиғаттағы тіршіліктің барлығы да босқа өмір сүрмейді”. Осыдан жүз жыл бұрын Арал өңірінде құстың 319 түрі болса, бүгінде бұл көрсеткіш екі есеге азайған. Міне, экологиялық апат ошағының бір белгісі деген осы.

Барсакелмес қорығының басқа осындай бақпанды мекендерден бір айырмашылығы, оның экологиялық апат аймағында орналасқандығы. Осының өзі әлемдік табиғат қорғау қауымдастығын алаңдатуда. Дегенмен, қорық ұжымы қолдан келгенінше кездескені қиындықтармен күресіп жатыр. Соңғы уақыттары Орман және аңшылық шаруашылығы комитетінің қолдауымен біраз шаруаның басы қайырылды. Қорықтың жер көлемінің он есеге ұлғаюы өз алдына, тұралап қалған ғылыми жұмыстар жолға қойыла бастады. Инспекторлар қызметтік киім, байланыс құралдарын, табельдік қару-жарақтар алса, кеңсеге қажетті техникалар әкелінді, штаттық кестедегі қызмет керлер саны өсті. Алдағы жылы осы шаралар түгелімен қайта қайталанбақ.

Солтүстік Арал бассейніндегі артық су Көкарал бөгетіндегі шлюз арқылы оңтүстік өлі теңізге 5-6 метрлік биік сарқырамадан құлайды. Сол ағынмен келетін мыңдаған балық қайтып тұщы суға көтеріле алмай, босқа қырылып кетіп жатыр. Дарияның құярлығында балық аулаушылардың осы өңірді өртеп, күл-қоқысқа айналдырғанын да тексерушілер көріп келеді. Қандай қиындықпен оралған Кіші теңіздің табиғи байлығы ретсіз ысырап болуда десеңізші. Мұны қорық инспекторлары бейнетаспаға да түсіріп алған екен. Бұл осылай бола берсе, 4-5 жылда балықтың қоры таусылуы мүмкін. Аталмыш аймақтар ерекше қорғалатын батпақты өңір болып есептеледі. Орман және аңшылық комитеті Сырдарияның теңізге құяр осы сағасындағы жыл құстарының ұя салып, балапан басатын қалың қамысты қолайлы жерлерін келешекте сақтап қалу шараларын жасау қажеттігін ескертіп отыр.

– Алда тұрған міндеттердің бірі мекемеге заман талабына сай кеңсе ғимаратын салу болып тұр, – дейді сөзінің соңында қорық директоры. – Онда 68 жылдан бері сақталынған бай кітапхана бөлмесі, табиғат мұражайы, зертханалар, күзет қаруын сақтайтын бөлмелер болады деп жобаланып отыр. Сосын дарияның мана айтылған бөлігін батпақты өңір ретінде ерекше қорғалатын аймаққа енгізуіміз керек. Қорық аумағына жаңадан қосылған жерлерге кардон салу, табиғат қорғау инспекторлары мен ғылыми қызметкерлерді соңғы құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету күн тәртібіне енгізілді. Жуырда сондай-ақ қорықтың жаңа ауқымына бақылау мұнарасын орнату және осы екі кластерлік аймаққа аншлагтар ілу, тиісті жерлерге шлагбаум қою секілді жұмыстар да жоспарланған.

Аты аңызға айналған Барсакелместің кешегісі мен бүгінгісі жайлы қысқаша осындай әңгіме айтуға болады. Сонымен бірге, оның ертеңінің бүгінгіден де нұрлы, бүгінгіден де кескінді бола түсетінініне сенгіміз келеді.[1]

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. “Қазақстан”: Ұлттық энциклопедия/Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы “Қазақ энциклопедиясы” Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9

Сыртқы сілтемелер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]